Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Шымкент әкімі алты айда атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді

2019 жылдың 17 шілде 2019 18:16

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық мәслихаттың кезектен тыс елу екінші сессиясына қатысып, алты айда атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Шаһар басшысының есебіне депутаттармен қатар зиялы қауым өкілдері де қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәслихаттың күн тәртібінде Шымкент қаласы әкімінің оған жүктелген функциялары мен міндеттердің орындалуы туралы есебі тыңдалды. Ғабидолла Әбдірахымов жыл басынан бері қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндап, индустрияландыру, инвестиция тарту, инфрақұрылым, әлеуметтік салалардың даму көрсеткіштеріне тоқталды. Әкімнің сөзінше, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 25 пайызға, орташа айлық жалақы 12 пайызға артқан. Қала бюджеті 219 млрд теңгеге жетіп, 79 млрд теңгеге ұлғайған. Ал, индустрияландыру картасы аясында 3 жоба жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлік субьектілерінің саны 14 пайызға өсіп, 65 687 бірлікті құраған. Қалада 6345 пәтерлі 129 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жаңадан 14 334 жұмыс орны ашылған.

«2019 жыл жақсы жетістіктермен басталды. Осы аралықта мемлекеттік басқару жүйесін қамтамасыз етіп, қала әкімдігі, мәслихат жанындағы консультативтік кеңестер құрылды. 19 маусымда қаланың республикалық статус алғанына 1 жыл толды. Жыл басынан бері инвесторлармен көптеген келісімдер жасалды. Бағдарламалар дайындалды. Біз осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруымыз керек. Оған барлықтарыңызды атсалысуға шақырамын», - деді қала әкімі.








Мәслихат депутаттары қала әкімінің есебін оң бағалады. Қала мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев өз сөзінде шаhарда кәсіпкерлікті дамыту, жастарды қолдауда көптеген жобалар қолға алынғанын, барлық салада өсу бар екенін атап өтті.






Автор Айнұр Ақбаева
Басты сөздер: Экономика, Шымкент,
Жоғары қарай