Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 376.42
EUR 417.41
RUB 6.09
CNY 54.54

Шымкент қаласының әкімі бюджет қаржысын уақытында игеруді тапсырды

2019 жылдың 10 желтоқсан 2019 18:09

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов бюджет қаржысын уақытында игеруді тапсырды. Қала әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте шаһар басшысы салалық басқарма жетекшілеріне осындай ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте ағымдағы жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды. Жиында қала басшысы жыл соңына дейін бюджет қаржысын толық игермеген басқарма басшылары тиісті жауапкершілікке тартылатынын айтты. Жұмысты ширатуды, биылғы кіріс жоспарының толық орындалуын қамтамасыз етуді ескертті. Сондай-ақ, 2019 жылғы бюджетте қаралған қаржыны 20 желтоқсанға дейін толық игеріп, түпкілікті нәтижеге қол жеткізу қажеттігін атап өтті. Жыл қорытындысымен бұл жұмыстар толық орындалмаған жағдайда бірінші басшыларға қатаң тәртіптік шара көрілетінін қадай айтты.




Жиында бұдан бөлек, 26 қарашада Мемлекет басшысы қол қойған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңа толықтырулар түсіндірілді. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлық – ең өзекті мәселе екенін жеткізген қала басшысы бұл «індетпен» жұмыла күресу керегін атап өтті. «Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - баршамызға ортақ іс. Әрине, ең алдымен бүгінгі жас, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасында тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы ләзім», - деді Ерлан Айтаханов. Мәжіліс соңында Ерлан Қуанышұлы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарып, нәтижелі жұмыс атқаруды міндеттеді. Сондай-ақ, жыл қорытындысы бойынша орындалмаған салалық индикаторлар бойынша жетекшілердің қызметтік жауапкершілігі қаралатынын да ескертті.







Автор Айнұр Ақбаева
Басты сөздер: Әкім, Бюджет, Қаржы, Шымкент,
Жоғары қарай