Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Шымкентте бес жылда 78 жоба іске асырылады - әкім

2019 жылдың 16 наурыз 2019 22:14

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің жылу жүйелерінің тозу деңгейі 42 пайызды құрайды. Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов еліміздің Премьер -Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кеңесте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғабидолла Әбдірахымовтың сөзінше, Түркістан облысынан қабылданған 99 нысанды күтіп ұстау үшін денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және ауыл шаруашылығы басқармаларының бұрын шығындарын өтеуге осы жылы 19 млрд теңге сұралып отыр.

Сондай-ақ, өткен жылы республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілген нысандарды қаржыландыру мәселесі де өзекті болып тұр. Сондықтан қала әкімі Үкімет басшысынан бірқатар проблемаларды шешуге ықпал етуін сұрады.

«2018 жылы Шымкент қаласындағы «Тұран» ықшам ауданының инженерлік-инфрақұрылым жүйелері бойынша 3 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған.Биыл осы нысандардың құрылысын аяқтауға республикалық бюджеттен 1 250 млн теңге бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз. Сонымен қатар, кешенді жоспардағы жобаларды іске асыру үшін 486,4 гектар жерді мемлекет мұқтажына қайтару қажет. Оған жергілікті бюджеттен 9,8 млрд теңге жұмсау керек»,- деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Шаһар басшысының айтуынша, кешенді жоспарға сәйкес алдағы 5 жылда құны 1 триллион 119 млрд теңгені құрайтын 78 жоба іске асырылатын болады. Оның ішінде, республикалық бюджеттен - 315,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттен- 82,2 млрд. теңге қаржы қажет. Ал, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 75,3 млрд теңге, жеке және басқа көздерден 645,7 млрд теңге қаржы тартылмақ.

«Кешенді жоспарды республикалық бюджеттік комиссияға 19 наурызға дейін енгізуді және орталық мемлекеттік орган басшыларына 26 наурызға дейін келісуді аяқтауға ықпал етуіңізді сұраймын»,- деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Жоғары қарай