Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

СІМ шетелдегі студенттердің консулдық есепте неліктен тіркелуі керектігін түсіндірді

2019 жылдың 11 наурыз 2019 17:16

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров шетелдегі қазақстандық студенттердің консулдық есепте неліктен тұруы керектігін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, ҚР СІМ ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында Айбек Смадияров ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайда Қазақстан азаматшасы Юлия Ходеваның ұсталғанын хабарлаған болатын. ҚР СІМ мәліметіне сәйкес, есірткі заттарын сақтау және тарату күдігімен Қытайда ұсталған қазақстандық бойжеткен консулдық есепте болмаған.

«Сондықтан, біздің консулдық қызметтегілер оның бар-жоқтығын білмеген. Ол сол жақта 6 жыл оқып жүріпті», - деген еді Айбек Смадияров.

«Мемлекеттік өзара алмасу немесе «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқитын студенттер міндетті түрде біздің шет елдердегі консулдыққа тіркеледі. Яғни, қай жерде қанша студенттің оқып жатқаны туралы есепті жүргізіп отырамыз. Бұл жұмыстың маңызы неде? Өздеріңіз де білетіндей, бірнеше жыл бұрын АҚШ-та торнадо болып, кейбір студенттердің ата-аналары СІМ-ге қоңырау шалып, «неліктен менің баламды құтқармайсыңдар» деп шу шығарған еді. Ал сол кезде АҚШ-тағы елшілік екі күн бойы бірнеше автобус жалдап, студенттерді қауіпсіз жерге көшірумен болған. Чаттар мен топтар арқылы студенттерді тапқан», - деді Айбек Смадияров ҚР СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, АҚШ-тағы торнадо кезінде өз ақшасымен оқып, консулдықта тіркелмеген студенттерді елшілік қызметкерлері білмеген.

«Ал консулдық есепте тұрғандарға консулдық бірден нақты белгілі бір жерде эвакуация болатынын хабарлаған. Сол себепті, қазақстандық студенттер біздің шет елдердегі консулдық есепке тіркелгені дұрыс», - дейді Айбек Смадияров.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: ҚР СІМ, Білім, Оқиға,
Жоғары қарай