Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Сирияда қалған Қазақстан азаматтарының саны нақтыланды

2019 жылдың 13 мамыр 2019 17:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сирияда 300-ге тарта Қазақстан азаматы қалды. Бұл туралы «Жусан-2» операциясына қатысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде Сирияда 300-ге тарта Қазақстан азаматы қалды. Олардың арасында ерлер мен әйелдер және балалар бар. Соңғы 2-3 жылда Сирияға ел азаматтарының баруы үрдісі жоқ», - деді Б. Рахымбердиев.

Белгілі болғандай, бүгінде Сирияда шамамен 150-170 бала қалып отыр.

Сонымен қатар ол аталған елден Қазақстан азаматтарын қайтару бойынша алдағы шараларға тоқталды.

«Экстрадиция, депортация мәселесі осы жылы толығымен аяқталады деген үмітіміз бар. Олардың басым көпшілігін елімізге алып келеміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы қиындықтарға тоқталсақ, Сирияны бірнеше қарулы топтар басып алған. Бір жерлерде үкіметтің заңдары орындалса, ал кейбір өңірлерде заңнамалық негіз сақталмаған. Осы орайда бұл топтармен келісімге келу мен біздің азаматтарды сол жерден алып шығу қиындық тудырады. Біз өз еркімен елге келетіндерді қайтарамыз. Олардың көбісі Қазақстанға оралуға шын ниеттерін білдіріп отыр. Келеміз деген адамдарды 7 және 9 мамыр күні қайтардық. Ал енді қалған адамдармен қосымша жұмыстар жүргізіледі», - деді Бақытбек Рахымбердиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сириядан 231 Қазақстан азаматының елге жеткізілуіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады.

«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы - балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і - жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция - Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы», - делінген Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.

Белгілі болғандай, Қазақстанға келгеннен кейін 16 ер адам мен 4 әйел ДАИШ жағында террористік іс-әрекетке қатысы бар деген күдікпен тұтқынға алынды.

Жоғары қарай