Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 384.39
EUR 431.71
RUB 6.11
CNY 55.88

Сириядан қайтарылған 16 ер адам лаңкестік күдігі бойынша тұтқындалды

2019 жылдың 13 мамыр 2019 16:33 796

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев Сириядан қайтарылғандар Қазақстанның қай өңірлерінен барғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайтарылған 156 баланың арасында 18-і жетім. Олардың ата-анасы қарулы қақтығыс аймақтарында қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз жоғалған. Олардың ішінде 7 жасқа дейін 107 бала, 7-12 жас аралығында 43 бала, ал 12 жастан асқан  6 бала бар. Балалардың жартысынан көбі шетелде өмірге келген. Жалпы,  «Жусан» операциясының екінші кезеңінде елге қайтарылған азаматтар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, сондай-ақ Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарының тумалары болып саналады», - деді Б. Рахымбердиев «Жусан-2» операциясына қатысты өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанға келгеннен кейін 16 ер адам мен 4 әйел ДАИШ жағында террористік іс-әрекетке қатысы бар деген күдікпен тұтқынға алынды. Олар қылмыстық істерін тергеу орындары бойынша Нұр-Сұлтан, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды және  Шымкент қалаларына берілді.

«Қалған 55 әйел баласымен бірге Ақтау қаласы маңындағы арнайы оңалту орталығына бір ай мерзімге орналастырылды. Медициналық тексерістер өткізіліп, карантин белгіленді. Қосымша олармен бірге психлогтар, теологтар, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері жұмыс жүргізуде. Құжаттарын қалпына келтіру бойынша көмек көрсетілді. Сонымен бірге, олардың террористік іс-әрекеттерге қатысуы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Кедергі келтіретін жағдайлар болмағанда, карантин мерзімінің аяқталуымен әйелдер мен балалар бұрынғы мекенжайларына қайтарылады», - деді ҰҚК өкілі.

Айта кетейік, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Сириядан қайтарылған адамдардың лаңкестік қылмыстарға қатысы барлары жазаға тартылатынын мәлім етті. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сириядан 231 Қазақстан азаматының елге жеткізілуіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады. 

«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы - балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і - жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция - Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы», - делінген Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.

Еске салсақ, биыл қаңтарда Елбасы Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасады. 

 

 

Жоғары қарай