Ауа райы
Нұр-Сұлтан 17 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 429.83
RUB 5.96
CNY 55.39

СҚО әкімі жөнделген жолдардың кепілдік мерзімін ұзартуды тапсырды

2019 жылдың 21 мамыр 2019 05:21 474

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өткен отырыста аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жол жөндеуші компаниялардың жұмысына көңілі толмайтынын айтып, автожолдардың кепілдік мерзімін ұзартуды тапсырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Автожолдарды күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарының сапасы СҚО әкімдігінің отырысында талқыланды.

Аймақ басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, соңғы үш жылда облыста 1900 шақырым жол жөнделді. 128 ауылдағы жолдың сапасы жақсарды. Тек биылдың өзінде 705 шақырым жол жөнделмек.

Дегенмен, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың кейбір жолдардың сапасына көңілі толмады. Осыған орай тиісті органдардың басшыларына атқарылатын жұмыстарға қатаң бақылау жүргізуді тапсырды.

«Әлеуметтік желілерде жүк машиналарының тас жолға доңғалағымен кіріп кеткенін көрсетіп жатыр. Барлық басшыларға жүк машиналарының қозғалысын бақылауға алуды тапсырамын. Жолды жөндеу бойынша да сұрақтар бар. Қоғамды бақылауға тартып, компаниялардың кепілдік мерзімін ұзарту керек. Бұл, аулаларды жөндеп жатқан мердігерлерге де қатысты», - деді Құмар Ақсақалов.

Биыл «Жаңажол» және «Қарақоға» бақылау-өткізу пунктерін де қайта жөндеу жұмыстары аяқталмақ. «Қызылжар» және «Бидайық» бекеттерін жөндеу жоспарда бар. Сөйтіп, 4 шекара бекетіндегі жол инфрақұрылымы жақсармақ. ҚР жәнк РФ азаматтарына шекара арқылы өту жеңілдей түседі.

«Біз биыл екі шекаралық өткелді жөндеп бітіреміз. Қаржы бар. Азаматтар үшін өте қолайлы болады. Жол кеңейтіліп, бақылау-өткізу пунктері көбеймек. Бұл, әрине автомобиль кептелісін азайтады», - деді өңір басшысы.

СҚО арқылы республикалық маңызы бар 1468 шақырым жол өтеді. Оны жөндеуге биыл ел қазынасынан 18,8 млрд теңге бөлінген. Былтыр күрделі жөнделе бастаған Петропавл - Қорған тас жолы да биыл жалғасын тауып, тағы 60 шақырым жол ретке келтірілмек. 

 

 

 

Жоғары қарай