Ауа райы
Нұр-Сұлтан 27 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

СҚО биыл наурызды ерте тойлай бастайды

2019 жылдың 13 наурыз 2019 19:22 836

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында Ұлыстың ұлы күнін биыл 14 наурыздан бастап тойлай бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыз мерекесі ертең Көрісу мейрамынан бастау алады. Осыған байланысты өңірдегі балабақшалардан бастап, кәсіпорын, мекемелерде арнайы мерекелік шаралар өтпек. Наурыздың 15- і «Қариясы бардың қазынасы бар» тақырыбында қарттарды қолдауға бағытталған. Ал наурыздың 16-сы «Жасыл қала - Жасыл ел» тақырыбында тазалық күні болып бекітілді. Яғни сенбіліктер ұйымдастырылады, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі және жастар жалғызбасты қарияларға үй шаруасына қолғабыс етеді.

«17 наурызды «Отан - отбасынан басталады» деп алдық. Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге басымдық береміз. Наурызды отбасымен қарсы алуға дайындалса екен дейміз. 18-і күні «Жас келсе - іске» деген тақырыпты алып отырмыз. Биыл жастар жылы, бұл күні негізгі үлкен мерекелік шаралар өтеді. 19-шы наурызды «Қайырымды іс» деген тақырыпта және 20-сы күні «Салт дәстүр» - негізінен мерекелік шаралар өтеді», - дейді облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова.

Наурызға арналған басты мерекелік шара Петропавлдағы орталық алаңда 21-і күні өтеді деп жоспарланған. Онда 7 киіз үй тігіледі.

«Бірінші киіз үйде «Ботай мәдениеті» көрсетіледі, екінші киіз үйде «Ұлы даланың ежелгі металлургиясы», үшіншісінде «Аңшылық стилі», төртіншісінде «Алтын адам стилі», бесінші киіз үйде «Түркі дүниесінің бесігі», сондай-ақ Ұлы Жібек жолы және соңғы киіз үйде «Қазақстан - алма мен қызғалдақтың мекені» деген тақырыпта болады», - дейді облыстық Мәдениет, архивж әне құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірісов.  

Петропавлда Наурыз мерекесі аясында республикалық айтыс өтпек. Биыл ол солтүстікқазақстандық ақын Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арналып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелерде «ұлттық костюмдер апталығы» өтеді. Облыс орталығында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады.

Жоғары қарай