Ауа райы
Нұр-Сұлтан 10 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

СҚО-да 137 адам қар құрсауында қалған

2019 жылдың 8 наурыз 2019 17:30 1054

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында бір тәулікте қар құрсауында қалған 44 машина тартып шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, машиналардың ішіндегі 137 адам, соның ішінде 9 бала құтқарылған.

Көліктердің көпшілігі Тимирязев ауданындағы жергілікті және облыстық маңызы бар жолдарда күртік қарға малтыққан. Ауданда 106 жолаушысы бар 34 көлік тартып шығарылды.

«Осы күндері 112 телефонына тыным болған жоқ. Қоңыраулардың басым көпшілігі түнде және таңертең соғылды. Қар құрсауында қалған автомашиналардың барлығы, соның ішінде 1 автобус және 1 жүк көлігі таза жолға тартып шығарылды. Ешкім зардап шеккен жоқ», - дейді баспасөз қызметі.

Айыртауда аудандық маңызға ие «Лавровка - Светлое» автожолында Бірлестік ауылының маңында 10 жеңіл автомобиль күртік қарға малтығып қалған. Оларда жалпы 31 адам болған. Құтқарушылар машиналардың барлығын Светлое ауылына жеткізіп салды.

Ғ. Мүсірепов ауданында көктайғақтың салдарынан республикалық маңызға ие «Алматы-Екатеринбург» автожолында, Западное ауылына жақын жерде VOLVO жүк көлігінің жүргізушісі оны басқара алмай, жолдан шығып кеткен. Ер адам зардап шеккен жоқ. Құтқарушылар көлікті жолға шығарған соң ол жөнімен кетті.

Кеше облыс тұрғындарына көктайғақ болып, желдің күшею қаупі туралы ескертілген. Құтқарушылардың айтуынша, көпшілік сол ескертулерге мән бермей, қиындыққа тап болған.

Айта кетейік, синоптиктер Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарына 9 наурыз күні желдің күшею қаупі бар екені туралы ескертеді. Сенбі күні оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Олеся Жуковень

 

Жоғары қарай