Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

СҚО-да 400-ге жуық кәріс тұрып жатыр

2019 жылдың 1 наурыз 2019 12:12

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қазақ жері - тоталитарлы саяси жүйенің құрбаны болған көптеген ұлтқа құтты мекен бола білді. 1938 жылы Қазақстанға 110 мың кәріс күштеп көшірілген екен. Қазір СҚО-да осы ұлттың 400-ге жуық өкілі өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солақай саясаттан зардап шеккен этностардың бірі - кәрістер. 1937 жылы Таяу Шығыстан кәрістердің алғашқы легі депортацияланды. Бұл оқиғаға биыл 82 жыл толып отыр.

«Қазақстанның жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай. Соны игеру үшін Кеңес үкіметі сырт елдерден түрлі этностарды күштеп көшіре бастады. Польша, Украина, Балтық елдерінен халықтар тұтастай эшалондармен аттандырылды. 1938 жылы Қазақстанға 110 мың кәріс көшірілді. Екінші дүниежүзілік соғыс басында 500 неміс келді. Содан кейін поляктар, қырым татарлары, күрдтер, шешендер мен ингуштер, қалмақтар депортацияланды», - дейді тарих ғылымының кандидаты Сабыр Ыбыраев.

Ғалымдардың айтуынша, Таяу Шығыстан 172 мың этникалық кәріс қуылған екен. Осы жылдары жарты млн кәріске нақақтан нақақ «жапон агенті» деген айып тағылды.

«Таяу Шығыстағы адамдардың барлығы бір күн ішінде жұмыссыз қалды. Қарапайым халық не болып жатқанын түсінбеді. Күшпен оларды вагондарға тиеді. Әрбіреуіне 30 адамды қамады. Қазан айында күн ызғарлы болды. Бала-шаға аштық пен суыққа төзбеді. Көбісі түрлі аурудан көз жұмды. 40 күн жолда жүріп келген 24 мың кәріс Талдықорған облысындағы Үштөбе ауданына келіп тоқтады. Оларға жергілікті тұрғындар үйлерінен орын берді. Сөйтіп біраз кәріс қазақтардың арқасында аман қыстап шықты. Ол кезде жұмыс та, азық-түлік те жоқ. Біраз халық аурудан ажал құшып, Үштөбе ауданында жерленген. Сол жылдары нақты есеп жүргізілмеді. Сондықтан көз жұмғандар бойынша статистика жоқ», - дейді «Қазақстан кәрістері» қауымдастығының СҚОФ мүшесі Леонид Ин.

Сабыр Ыбыраевтың айтуынша, көп адам күштеп көшіруге қарсылық көрсетіп қаза тапты. Ашаршылықтан, аптап ыстықтан тіл тартпай кеткен балалардың санында есеп болмады. Қазақтар өздері жұтап жүрсе де, сырттан келгендерге барын берді. Соңғы үзім нанымен бөлісті. Сталин дүниеден озғаннан кейін этностар елдеріне қайтарыла бастады. Бірақ біразы қонақжай қазақ жерінен кеткісі келмеді. Өз еріктерімен осында қаламыз деп шешті.

Қазіргі таңда кәрістер Өзбекстан мен Қазақстанның әр түкпіріне тарыдай шашылған. Өз қандастарынан құралған ортаның болмауы салдарынан кейбіреуі тілі мен дәстүрінен ажырап қалған.

«Жастарға қазақ халқының жасаған жақсылығын ұдайы айтып отырамын. Қиыншылықты, нәубетті бастан кешірмегендер ғана ел ішінде бүлік шығарып, соғыс ашады. Біздің ең басты байлығымыз - қоғамдағы тыныштық, бейбіт өмір»,- дейді Леонид Ин.

Бүгінде Леонид Ин СҚО-да тұрады. Оның тарихтың осы және өзге де тұстарын өскелең ұрпақ ұмытпаса екен деген тілегі бар.

Жоғары қарай