Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

СҚО-да әдеп нормасын бұзған шенеунік сөгіс алуы мүмкін

2019 жылдың 2 қазан 2019 00:16

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Әдеп бойынша кеңесте М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасарына қатысты тәртіптік іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызметтік тексеру материалдарына сүйенсек, Жақсылық Есдәулетов тамыз айының соңында түн жарымында дәмханалардың бірінде болған. Ол жерде жанжал шығып, тәртіп сақшыларын шақыруға тура келген. Онымен болған осы аудан әкімінің екінші орынбасары Смағұлов бұл оқиғадан кейін өз еркімен жұмыстан кеткендіктен, оған қатысты тәртіптік іс тоқтатылды.

«Полицияның аға инспекторының баянатында көрсетілгендей, Мұстафин деген азаматтан «Чайхана» дәмханасында оған қоқан-лоқы көрсеткен әкімдік қызметкерлеріне шара қолдану жайында хабарлама келген. Тергеу барысында Мұстафиннің сөзі расталмады. Оның жолдасы Мұстафиннің бейнетүсірілім жасағанын айтқан. Алайда, ол мас болғандықтан кімдердің болғанын есте сақтамаған», - дейді Мемлекеттік қызмет істері бойынша департамент жетекшісінің орынбасары Жанат Жұмабаев.

Дәмхана иелері әкімдік қызметкерлерінің алкогольді ішімдік ішпегенін айтқан.

Олардың айтуларынша, дәмханада мүлде арақ-шарап сатпайды. Ал Мұстафин сол түні дәмханадағы бөлмеге баса-көктеп кіріп, оның иесіне тіл тигізген. Сөзге араласқан Смағұловты Мұстафин бір ұрып, көзілдірігін сындырған. Есдәулетов оларды айырмақшы болған.

Есдәулетов пен Смағұлов медициналық куәлендіруден тек келесі күні ғана өткен.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, сол түні ауруханада адамның қайтыс болғаны туралы хабарлама алғандықтан олар әкімдік қызметкерлерінен жауап алмай, асығыс кетіп қалған.

«Бұл дауды ушықтырмау, әрі мемлекеттік қызметкердің атына дақ түсірмес үшін олар бірден медициналық куәлендіруден өтіп, тәртіп сақшыларына түсінік берулері керек болған. Сол кезде халықтың сынына да ұшырамас еді. М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары, лауазымды тұлға - Есдәулетов Этикалық кодексте қарастырылған әдеп нормаларын бұзды», - дейді Ж.Жұмабаев.

Есдәулетов өз кінәсін мойындады. Өз әрекетін белгіленген тәртіпті білмегендігімен түсіндірді.

«Медициналық куәлендіруден өту қажеттігін білгенде, бірден барар едім. Әрі сол күні астымда көлігім болды. Таңертең бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеген танысыммен ақылдасып едім, ол бірден куәлендіруден өту керектігін айтты», - деді Жақсылық Есдәулетов.

Этика бойынша кеңестің мүшелері 20 жылдық еңбек өтілі бар мемлекеттік қызметкердің бұл сөзіне сенімсіздік танытып, Есдәулетовке сөгіс жариялауды ұсынды.

Жоғары қарай