Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 380.19
EUR 419.01
RUB 6.08
CNY 54.81

СҚО-да ауыл кәсіпкерлері учаскелік полицейге қызметтік баспана салуда

2019 жылдың 7 желтоқсан 2019 08:37

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылында жергілікті кәсіпкерлер 4 баласы бар полицияның учаскелік инспекторына қызметтік баспана салып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ведомство басшысы Марат Төлебаев Петропавлдан 180 шақырым қашықтықта орналасқан Тайынша ауданындағы Абай ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Оның құрамына 4 ауыл кіреді, халық саны шамамен 1 500 адам.

Кездесу кезінде облыстың бас полицейі өңірдегі қылмыстық жағдай туралы баяндады. Сондай-ақ, Марат Төлебаев өңірдегі мал ұрлығының алдын алу және қылмыстың ашылуы жөнінде сөз қозғап, бағусыз жүрген малдың кесірінен жол апаттары болатынын да ескертті.

Ауылдық округте қазір 53 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Полицияның учаскелік инспекторы Руслан Бекболатовтың сөзіне қарағанда, жыл басынан бері 7 қылмыс пен 127 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Полиция департаментінің бастығы бұрын жасалған қылмыстарды ашу, сондай-ақ мал ұрлығының алдын алу және есепте тұрған адамдардың арасындағы бұзушылықтар профилактикасы бойынша жұмысты күшейтуге нұсқау берді.

Есептік кездесу аудандық полиция бөлімінің үздік қызметкерлері мен округ аумағында құқықтық тәртіпті нығайтуға жан-жақты көмек көрсеткен белсенді ауыл тұрғындарын марапаттаумен аяқталды. Жергілікті полицияның техникалық базасын нығайту мақсатында аудандық әкімдік жергілікті полиция бөліміне радиостансаларды табыс етті.

Сондай-ақ Марат Төлебаев полицияның учаскелік инспекторына салынып жатқан қызметтік баспананың құрылысын көрді. Тұрғын үй көктемде пайдалануға берілмекші. Оны жергілікті шаруашылықтардың бірі - «Астық STEM» ЖШС өз қаражатына тұрғызып жатыр. Ауданы 100 шаршы метрге жуық қызметтік үй Қарағаш ауылының орталық көшесінде орналасқан. Бұл үйге 37 жастағы полиция капитаны жұбайымен, төрт баласымен қоныстанады. Көп балалы отбасы отбасы үшін бұл көмектің маңызы зор және адал қызметі мен тынымсыз еңбегі үшін шағын сый болмақ.

Жоғары қарай