Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

СҚО-да игерілмей бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда

2019 жылдың 22 тамыз 2019 21:23

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жерді алып, алайда игермей отырған шаруашылықтардан алқаптар мемлекет иелігіне қайтарылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Жер инспекциясы басқармасы мамандарының мәліметінше, соңғы бес жылдың ішінде жалпы аумағы 2,9 млн га-да 1887 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 1,7 млн га жер заңнамасын бұзудың 985 дерегі анықталды.

«Осы жерлермен жұмыс жүргізу нәтижесінде 529 мың гектар жерде бұзушылықтар жойылды. Яғни егістіктерге егін егіліп, жайылымдарға малдар жайыла бастады. Тексеру нәтижелері бойынша жалдау шарттарын бұзу жолымен 658,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл - 74 шаруашылықтың жері.

Биыл 316 тексеру жүргізіліп, жартысына жуығында бұзушылықтар анықталды. 5392 га ауыл шаруашылық жері келісім шарттарды бұзу арқылы, 10,6 мың га сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі уақытта 3 шаруашылықтың 20 мың га астам игерілмеген алқаптарын қайтару сотта қаралып жатыр. Жыл соңына дейін осындай 15 шаруашылықпен жұмыс істейміз», - дейді СҚО Жер инспекциясы басқармасының басшысы Бейбітбек Жайлыбаев.

Мақсатсыз пайдаланылған және игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттік қорға қайтару жұмыстары Петропавл қаласында да жүргізіліп жатыр. Жер инспекциясымен биыл облыс орталығында жалпы аумағы 2,5 га 10 учаске алынды. Тағы 20 жер пайдаланушы өз еркімен учаскелерін қайтарды.

«Мысалға алатын болсақ Петропавл маңындағы 20 гектар жер мәжбүрлеп алынды. «Шығыс Элион» ЖШС жер учаскесін 20 жылдан артық игермеген. Бұл орынға енді көпбейінді үлкен аурухана салынады. Облыс орталығында көптеген жер бос, пайдалынылмай жатыр. Кәсіпкерлер ол учаскелерді бір-біріне сатып келген. Мақсатты пайдаланылмағандықтан бұл жерлер қайтарылады, сәулетті ғимарат тұрғызып, жұмыс орындарын ашатын кәсіпкерлерге беріледі», - дейді Бейбітбек Жайлыбаев.

Басқарма мамандарының мәліметінше, соңғы 5 жыл ішінде жер заңнамасы нормасын бұзушыларға 1024 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 64 млн теңгеге 621 әкімшілік жаза қолданылды. Жерді игермегендерге салық 10 есе ұлғайтылады. Бүгінгі күнге 442,1 млн теңге шамасында салық салынса, оның 38,5 млн осы жылға тиесілі.

Жоғары қарай