Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

СҚО-да ірі қара мал тері ауруына шалдықты

2019 жылдың 28 тамыз 2019 14:02

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Тоқшын ауылында 9 ірі қара мал тері ауруына шалдықты. Әкімдік індеттің жаппай таралуын жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СҚО-да бір ауылдың малы жаппай белгісіз дертке шалдықты» деген ақпаратты облыстық Ветеринария басқармасының мамандары жоққа шығарды. Бүгінде ауру тек тоғыз сиырда тіркелген. Оның өзі жұрт шулағандай дерматит емес.

«Сиырлар терінің қабынуы ауруына шалдыққан. Қазір Тоқшын елдекенінде мал дәрігерлері жағдайды күнделікті бақылап отыр. Әр үйдің малына дертке қарсы вакцина егілді», - дейді СҚО Ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Әлжанов.

Облыстық ветеринарлар тұрғындарды дүрлікпеуге шақырып отыр. Олардың пікірінше, жағдай айтарлықтай ушыққан жоқ. Бүгіндегі ауылдағы жағдай тұрақтала бастаған.

«Мамандар лабораториялық зерттеулерді өткізе алмады. Себебі емдеу барысында малға антибиотиктер қолданылған. Сүт қауіпсіздігінің техникалық регламенті бойынша, дәрі берілгеннен кейін сүтті 14 күн пайдалануға тыйым салынады. Мал иелері бұл жайында ескертілді. Тері ауруларының түрі көп. Қазіргі уақытта нақты қайсысы екенін айта алмаймыз», - дейді Берік Әлжанов.

Мәлім етілгендей, малда ауру белгілері пайда болысымен-ақ ауылдық округтің мал дәрігері жоғары жақты ескертіп, сараптама жасауға биологиялық материал алуы тиіс. Заң бұзушылық анықталған жағдайда ауылдың мал дәрігері әкімшілік жауапкершілікке тартылады, 125 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

«Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Мал дәрігерінің жұқпалы ауруларға қарсы міндетті екпе жасау талаптарын бұзғандығы анықталса заң бойынша жауап береді. Малдардың жағдайын қараймыз, тұрғындардан олардың малдарына егу жұмыстарының жасалған-жасалмағандығын білеміз. Өкінішке орай, кейде мал иелері өздері иммундаудан бас тартып жатады», - дейді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық испекциясының жетекшісі Марат Ибраев.

Жоғары қарай