Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

СҚО-да қоғамдық орындарда мас күйде жүрген мыңға жуық адам жазаланды

2020 жылдың 21 ақпан 2020 06:41

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда мас күйде жүрген 948 адамға әкімшілік хаттама толтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелдерге қатысты қылмыстардың әр төртіншісі спирттік ішімдікті бірге отырып ішуден кейін жасалады. Ал денсаулыққа ауыр және орташа зиян келтіру қылмыстарының әр екіншісі мас күйде жасалады.

Заңсыз айналымнан спирттік ішімдіктерді алу үшін тәртіп сақшылары үнемі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырады, халықтың арыз-шағымымен жұмыс істейді. Аққайың ауданында тұрғындармен кездесу барысында олар Черкасское елді мекеніндегі бір үйде заңсыз арақ-шарап сатылатындығына наразылық білдірген.

Полицияның учаскелік инспекторы, ауылдық округтің қоғамдық кеңесінің мүшесі проблемалық мекенжайларды тексеру барысында спирттік ішімдік сатып жатқан 39 жастағы ауыл тұрғынының үстінен түскен. Кәсіпкерлікпен рұқсатсыз айналысқан оған әкімшілік хаттама толтырылып, заңсыз өнім тәркіленді.

«Облыста жыл басынан осындай 25 дерек анықталып, 59,5 литр спирттік өнім алынды. Бұдан басқа арақ-шарап сататын сауда орындарын да бақылауда ұстаймыз. Өйткені 21 жасқа дейінгілерге спирттік ішімдікті сатуға болмайды. Сондай-ақ сағат 23.00-ден 12.00-ге дейін құрамында 30% этил спирті бар сусындарды сатуға болмайтынын ескертеміз. Талапты орындамағандарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Жалпы жыл басынан 16 әкімшілік хаттама толтырылса, соның үшеуі Петропавлға тиесілі. Соттың шешімімен екі азық-түлік дүкенінің және «Шоколад» түнгі клубының арақ-шарап сатуға лицензиясы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда мас күйде жүретіндермен күрес жалғасуда. Жыл басынан облыста ішімдік ішіп есірген 948 адам жауапқа тартылды.


Жоғары қарай