Ауа райы
Нұр-Сұлтан 26 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

СҚО-да көпбалалы отбасыларға 226 пәтер салынады

2019 жылдың 4 наурыз 2019 21:29 893

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Биыл Петропавлда көпбалалы отбасыларға арналған көпқабатты үш үй тұрғызылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің кезекті жиынында өңір басшысы Құмар Ақсақалов Елбасының тапсырмасына орай, облыста көпбалалы отбасыларды қолдауға байланысты атқарылатын жұмыстарды тізбектеді. Осы мақсатқа алғаш рет Ұлттық қордан 1,3 трлн теңге бөлінсе, жалпы - 2,3 трлн теңге қарастырылған.

Нәтижесінде 20 789 теңге жәрдемақы алатын отбасылардың саны 2115-тен 3225-ке жетеді. Асырауында  мүгедек балалары бар 2 мыңға жақын отбасының ай сайынғы алатын әлеуметтік жәрдемақысы 30% артып, 31 183 теңгеден 41 578-ге көбеймек.

Көпбалалы отбасылардың 3,6 мың баласы мектепте тегін тамақтанады. Сондай-ақ бюджет есебінен 1,5 мың бала қажетті киім-кешекпен және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.  Колледждерде оқитын 1,3 мың студентке мемлекеттік әлеуметтік төлем жасалады.

Бұдан басқа «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елімізде осы санатқа жататын отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салынбақ.

«СҚО-да 341 көпбалалы отбасы жалдамалы пәтерге кезекте тұр. Биыл Петропавл қаласында көп қабатты 3 үйді - 226 пәтерді салып бермекшіміз. Осылайша жартысынан көбін биыл қажетті баспанамен қамтимыз. Сондай-ақ әкімдерге пәтерге мұқтаж көпбалалы отбасыларды анықтау үшін үй-үйге жүруді тапсырамын», - деді Құмар Ақсақалов. 

Бұдан бұрын айтқанымыздай, Елбасының тапсырмасына орай көпбалалы отбасыларға биыл 2-3% ипотекалық несие де берілмекші. 10% бастапқы жарнасы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.

 

 

 

Жоғары қарай