Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

СҚО-да құтқарушылар өз қатарларына еріктілерді қабылдамақ

2019 жылдың 16 қазан 2019 20:10

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында азаматтық қорғаныс саласына ерікті жастар тартылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомствода еріктілер қозғалысының қызметі туралы, оларды маңызды іс-шараларға тарту, еріктілерді төтенше жағдай кезіндегі әрекеттерге және алғашқы медициналық көмек көрсетуге даярлау мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Оған жастар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

«Еріктілер іздеу-құтқару жұмыстарына жиі қатысады. Бұл олардың азаматтық ұстанымдарының жоғары екендігінің көрсеткіші. Алайда олар мұндай іс-шараларда өздерін қалай ұстау, қалай әрекет ету қажеттігі жөнінде, тіпті қауіпсіздік техникасы туралы біле бермейді», - дейді СҚО ТЖД азаматтық қорғау саласындағы апат тәуекелдерін төмендету және бақылау басқармасының бастығы Игорь Балеев.

Игорь Балеевтің пікірінше, құтқарушылармен бірге жүріп, олардың жұмысына араласқан жастар өмірлік сабақ алады. Өрт, көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккендерге көмектесіп, адамгершілік қасиеттер мен рухани құндылықтардың мәнін ұғады. Азаматтық қорғаныс саласына келген еріктілер тұрғындармен тек түсіндіру, алдын-алу жұмыстарын ғана жүргізіп қоймай, халыққа нақты көмек көрсетуі тиіс.

Кездесу барысында департамент мамандары кәсіби дайындығы бар еріктілерді даярлауға өз көмектерін ұсынды. Яғни жастарды төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету ережелерімен таныстырып, оларға зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек беру дағдыларын үйретпек.

Мамандардың айтуынша, биыл СҚО-да көктемгі су тасқыны және шомылу маусымы қарсаңында еріктілер халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмектесті. Жастардың қатысуымен 453 рейд өтті. 100 шақты волонтер тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынама парақшаларын таратты.

Ерікті болуды қалайтындар үшін СҚО Төтенше жағдай департаментінің сайтында «Қалай азаматтық қорғаныс саласының волонтері болуға болады» (http://sqo.emer.gov.kz/) бөлімі құрылған.










Жоғары қарай