Ауа райы
Нұр-Сұлтан 26 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

СҚО-да мереке күндері 60 техника қар құрсауынан шығарылған

2019 жылдың 11 наурыз 2019 21:47 937

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында 8-11 наурыз аралығында 112 телефон нөміріне 5 717 телефон қоңырауы түскен. Оның 3 мыңы ауа райының қолайсыздығына және облыс автожолдарының жағдайына байланысты болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстікқазақстандық құтқарушылар тұрғындардың ескертулерді елемейтіндігіне наразы.

Мамандардың айтуынша, салдарынан қосымша күш жұмылдырып, жолда қалған жолаушылар мен техниканы қар құрсауынан шығаруға тура келеді. Осылайша 4 күннің ішінде Төтенше жағдай қызметі қар кептелісінде қалған 182 адамды, оның ішінде 10 баланы және 60 техниканы шығарып алды.

«СМС хабарламаны алса да, телефон арқылы хабарласып, жолдың жабылғанын білсе де тұрғындар жолға шығады. Мәселен 7-наурыз күні түнгі 23:15-те бір азамат 112 телефон нөміріне қоңырау шалып, Тимирязев ауданының Ақсуат ауылынан шығатын жолдың бар-жоқтығын білген. Оған мамандар жолдың жоқтығын, өзін және жолаушыларының басын қауіпке тікпеу үшін сапарды таңға қалдыруға кеңес берген. Бір сағаттан кейін жаңағы адам көлігімен Ақсуат ауылының жанында тұрғандығын, кішкентай баланың барлығын айтып көмек сұраған. Жергілікті атқарушы органдардың және аудандық құтқарушылардың көмегімен көлік Тимирязев елдімекеніне дейін жеткізілді. Мұндай жағдайлар, өкінішке орай, жиі кездеседі», - дейді облыстық Төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Мамандардың айтуынша, наурыздың 7-11-і аралығында «Қазгидромет» РМК өңірде 4 рет ауа райының бұзылатындығы жөнінде хабарлаған. Тұрғындар БАҚ арқылы және 500 мыңнан астам абонентке SMS хабарлама жіберіп ескертілген.

Жоғары қарай