Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

СҚО-да полицейлер қорықшыны тонаған браконьерлерді ұстады

2019 жылдың 19 қараша 2019 19:50

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сібір елігінің етін көлікке артып жатқан браконьерлерді тоқтатпақ болған қорықшыларға күш көрсетіп, оқиға орнынан қашқан күдіктілер полицияның көмегімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 14 қараша күні сағат 22.00 шамасында Есіл аң шаруашылығының қорықшылары рейд барысында браконьерлердің үстінен түседі. Сақшылар келгенде Алуа көлінің маңында үш адам «Lexus» автомашинасының жүк салғышына сібір елігінің етін тиеп жатқан. Қорықшылардың бірі бейнетүсірілім жасау үшін ұялы телефонды қолданған, алайда ер адамдар күш қолданылып, оның телефонын тартып алады. Кейін браконьерлер аң етін тастай салып, оқиға орнынан жасырынбақ болады. Қорықшылар ізіне түсіп, көмекке полицияны шақырған.

«Осы факті бойынша жедел тергеу тобы тез арада жолға шығып, Есіл ауданы Николаевка елді мекеніне таяу «Петропавл-Жезқазған» автожолында «Lexus» автокөлігін тоқтатты. Автокөліктің салонын тексеру кезінде аңның қан іздері мен жүні табылды. Күдіктілерден ТОЗ-37 маркалы 12 калибрлі аңшы мылтығы мен оның оқтары алынды. Қорықшының телефоны да, заңсыз атылған сібір елігінің еті де сол жерде табылды», - деді Есіл ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Сағындық Жантеміров.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Тонау» және «Заңсыз аңшылық» баптары бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталған браконьерлер бір-біріне туыс. Оның біреуі Есіл ауданының 30 жастағы тұрғыны болса, екіншісі Петропавл қаласының 29 жастағы тұрғыны. Ал қолға түскен үшіншісі - 69 жастағы Ресей федерациясының азаматы.

Жалпы, жыл басынан облыста заңсыз аң аулаудың 13 дерегі тіркелді.







Жоғары қарай