Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

СҚО-да полицейлер ұрыларға жем болмау жолдарын көрсетті

2019 жылдың 15 қазан 2019 05:20

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары қалта ұрыларымен күресті мықтап қолға алып, тіпті тұрғындарға ұрыларға жем болмаудың амалдарын көрсететін ұсыным әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан қалта ұрлығына қатысты 15 қылмыстық іс қозғалған. Оның 8-інде іс сотқа дейін жетті.

Қалта ұрысынан сақтану үшін бірнеше ұсынымды естен шығармаған жөн. Оны солтүстікқазақстандық полицейлер көп жылғы тәжірбиеге сүйене отырып жазып шықты. Ақыл-кеңес және криминалды полиция бөлімшелерінің телефон нөмірлері жазылған баннерлер халық көп жүретін жерлерге ілініп жатыр.

«Қалта ұрысын бет-бейнесіне, киім киісіне қарап ажырату мүмкін емес. Олар басқалардан ерекшеленбеуге тырысады. Жұппен және жалғыз жұмыс істеулері мүмкін. Әдетте қоғамдық көліктерде таңертең немесе жұрт үйіне қайтар уақытта жүреді. Сол себепті қалта ұрлығының алдын алу үшін баннерлерді аялдамалардың жанына іліп жатырмыз», - дейді тәртіп сақшылары.

Петропавл тұрғындары полицейлердің бастамасына оң бағаларын беруде.

«Көзге көрінген нәрсе жақсы есте қалады. Баннерлердегі ақыл-кеңестер біреуіне болмаса біреуіне көмектеседі. Автобусты күткен жұрт міндетті түрде оқиды. Қажет ақпарат», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Светлана Насырова.

Криминалды полиция басқармасының мәліметінше, Петропавл қаласында мұндай баннерлердің жиырмаға жуығы ілінбек. Бұдан басқа аялдамаларға интернет-алаяқтыққа қатысты да ақпарат жапсырылды. Автобус салондарында жолаушыларды ескерткен аудиороликтер жүреді.

Жоғары қарай