Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

СҚО-да шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғандарға 9 млн теңге айыппұл салынды

2019 жылдың 17 шілде 2019 17:56

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон қызметі жыл басынан 1 217 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір полицейлері ел аумағына заңсыз келгендерді анықтап жатыр. 16 шілдеде облыста «Келімсек» жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі басталды. Полицейлер транзиттік ағынды тексеріп, шетелдіктер арасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтайды. Қажетті құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетеді.

Шетелдіктерді тексеруге бағытталған рейд Петропавл қаласын және облыстың барлық ауданын қамтыған. Осылайша, бір күннің қорытындысы бойынша ел аумағында болу ережесін сақтамаған 128 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Көші-қон қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген 41 жастағы Өзбекстан азаматын анықтады. Ол республика шекарасының пунктін айналып өткен. Бұл шетелдік бұған дейін де сот шешімімен ел аумағынан шығарылған болатын. Заңды бұзған өзбекстандық Петропавл қаласына еліміздің оңтүстік өңірінен бірер күн бұрын келген. Ол 2016 жылы сот қаулысына сәйкес ел аумағынан шығару шешімі болғанына қарамастан елімізде жұмысқа орналаспақшы болған», - дейді облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілев.

Осы дерек бойынша ҚР ҚК-ның «Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту» 392-бабына сәйкес тергеу басталды. Заң бұзушы бұл жолы да ел аумағынан шығарылады.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан облыстық көші-қон қызметі бөлімшелерінің қызметкерлері елде тұру ережесін бұзған 1 217 шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Олардың 51-і елден шығарылса, 9-ның ісі азаматтық сотта қаралуда. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 56 жұмыс берушіге 9 млн теңге шамасында айыппұл салынды.

Жоғары қарай