Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

СҚО-да синтетикалық есірткі саудалап келген 50 жастағы тұрғын ұсталды

2019 жылдың 18 қазан 2019 01:52

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының 50 жастағы тұрғыны «синтетикалық есірткі заттарын сатты» деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Аққайың ауданының орталығы Смирновтың 50 жастағы тұрғынын «синтетикалық есірткі заттарын сатты» деген күдікпен ұстады. Полицейлерге оның «спайс» психобелсенді есірткі затын сатумен айналысатыны туралы оперативті ақпарат түскен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұл мәлімет расталды.

Күдіктінің үйін тінту барысында саудаға шығаруға дайындалған 620 доза спайс табылды. Оның жалпы салмағы 93 грамм. Сондай-ақ, этил спирттің шынылары, ақ түсті ұнтақ тәрізді зат, синтетикалық есірткіге негіз болатын дәріханалық шөптердің қаптамасы алынды. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 2-б. бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылды.

Жыл басынан СҚО аумағында есірткіге қатысты 151 дерек анықталса, оның 55-і ауыр және аса ауыр түріне жатады, сондай-ақ 34 сату фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 393 келіден астам есірткі заты, оның ішінде 114 грамнан астам героин, 93 грамм кокаин және 1 келіден артық түрлі синтетикалық есірткі алынды. Қылмыстық жауапкершілікке 94 адам тартылды.




Жоғары қарай