Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

СҚО-да вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны артып келеді

2020 жылдың 18 ақпан 2020 15:54

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық маусым басталғалы өткір респираторлық инфекция жұқтырған 20 мыңға жуық адам дәрігер көмегіне жүгінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандардың дені, яғни 68% - 14 жасқа дейінгі балалар. Оның 7,7% бір жасқа дейінгі сәбилер болса, 0,9% - жүкті әйелдер.

Жалпы эпидемиологиялық маусым басталғалы тұмаудың зертханамен расталған 196 дерегі тіркелді. Оның 95-і А типті, қалғаны В типті екендігі анықталды. Тұмаумен ауырғандардың 73-і 14 жасқа дейінгі балалар, 82-сі екіқабат әйелдер. Олардың ешқайсысы тұмауға қарсы екпе алмаған.

Респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны соңғы аптада 1921-ге артып, жалпы көрсеткіш 19 867-ге жетті. Мамандардың айтуынша, бір аптаның ішінде ауырғандар саны бірден 7% артқан. Дәрігерге көрінгендердің 37% - мектеп жасындағы балалар.

«Облыстың білім беру мекемелерінде сырқаттанғандар санын анықтау мақсатында күнделікті мониторинг жүргізіледі. Білім беру бөлімдерінің мәліметінше, 17 ақпан күні жұқпалы ауруды және тұмауды жұқтырғандар саны 0,4% пен 7,6% аралығын құрады. Егер де дерт салдарынан сыныптағы немесе топтағы балалардың 20% келмесе, оқу процесін уақытша тоқтату туралы шешімді мектеп әкімшілігі қабылдайды. Ал білім ордасының 30% оқушысы келмеген жағдайда директордың бұйрығымен мектеп карантинге жабылады», - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Татьяна Горлова.


Жоғары қарай