Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 376.72
EUR 408.67
RUB 5.76
CNY 53.68

СҚО-да жас кәсіпкерлерге арналған HUB жұмыс істей бастады

2019 жылдың 31 желтоқсан 2019 14:32

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы сервис және кәсіби дайындық колледжі жанынан жалпы білім беретін, түзету мектептерінің түлектері үшін кәсіпкерлік негіздерін үйрететін HUB ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы оқу орнында бизнес-инкубатордың ашылуына көмек көрсетті. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Петропавлда жас кәсіпкерлердің қолынан шыққан бұйымдардың жәрмеңкесі өтті.

Аймақтық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Алтын арман» базарында Солтүстік Қазақстан сервис және кәсіби дайындық колледжінің студенттері қолдан жасаған шырша ойыншықтарын, тоқыма бұйымдар, әшекейлерді саудаға шығарды.




«Мен тігінші мамандығына оқып жатырмын. Жәрмеңкеге өзім тіккен жастықтарды, ойыншықтарды, қалам-қарындаш салатын сөмкені әкелдім. Сондай-ақ түзету мектебінің оқушылары өздері жасаған бұйымдарын беріп жіберді. Жәрмеңкеден түскен қаражатты апарып береміз. Біз бүгін сұранысқа ие заттарды сатып жатырмыз. Тұтынушыға не керек екенін арнайы тренингтер мен шеберлік сағаттарында оқып білдік», - дейді колледждің екінші курс студенті Евгения Яковлева.

Жас кәсіпкерлерге арналған HUB желтоқсан айының басында ашылды. Бұл жәрмеңке – бизнес-инкубатор жұмысының алғашқы нәтижесі.

«HUB-ты ашу арқылы біз студенттер мен оқушыларға кәсіпкерлік негіздерін үйретуді мақсат еттік. Бұл жерде жастар білімін жетілдіреді, тәжірибе алмасады, бизнес-идеяларын іске асыруда қолдау табады. Біздің бизнес-инкубаторлардан өз ісін ашуға дайын жас кәсіпкерлер шығады деп сенемін», - дейді Солтүстік Қазақстан сервис және кәсіби дайындық колледжінің кәсіпкерлік шебері Светлана Пуянаускене.




Светлана Пуянаускене қараша айында Лондонда болып, бизнес-инкубатор құрудан тәжірибе алды. Ал ақпан айында Ұлыбританияның сарапшысы СҚО-ға келіп, жаңадан құрылған HUB бойынша пікірін білдіреді, жұмысын жетілдіруде ақыл-кеңес береді. Корпоративті орталықтың тиісті деңгейде жұмыс істеуіне жергілікті кәсіпкерлер палатасы да ат салыспақ. Палатаның сарапшылары шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, семинар-тренингтер өткізеді.

«Ұлыбританиядан оқытушы келгеннен кейін он күн ішінде HUB ұйымдастыруға көмектестік. Бұл HUB-тың басқалардан ерекшелігі – жас кәсіпкерлерді әзірлеуде ерекше оқыту қажеттілігі бар балаларға басымдық беру. Біз оларды өз білімі мен шеберлігін еңбек нарығында сатуға және өз кәсібін ашуға үйретеміз. Болашақта өңірдің тәжірибелі кәсіпкерлерін осы жұмыстарға тартамыз. Олар біздің балалар үшін ментор болады», - деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Владимир Литвиненко.




HUB-қа облыстың басқа колледждері мен мектептерінің оқушылары келіп, кәсіпкерліктің алғышарттарын меңгере алады.


Жоғары қарай