Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

СҚО тұрғындары интернеттегі жалған хабарландыруларға алданып жатыр

2019 жылдың 18 маусым 2019 22:56

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Hi-tech» жедел-профилактикалық шарасының 3 күнінде интернет арқылы жасалған 11 қылмысқа қатысты күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қылмыстардың басым көпшілігі танымал онлайн-сервистерде жасалған. Қылмыскерлер белгілі тауар үшін алдын ала төлем жасауды сұрап, кейін іздерін суытып отырған.

Облыс тұрғыны «Колеса» тегін хабарландырулар сайтында ауылшаруашылық техникасына арналған шинаны сатып алу үшін «сатушыға» 440 мың теңге аударған, осыдан кейін алаяқ байланысқа шықпай қойған. Қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тәртіп сақшылары Алматы облысы Қапшағай қаласының 37 жастағы тұрғынын анықтады. Ол бүгінде келтірген шығынның орнын толтырды.

Ал Olx.kz сайтында бір айға пәтерді арзанға жалға беру туралы хабарландырулар жиі-жиі орналастырылып тұрған. Алайда «жалға беруші» пәтерді алу үшін алдын ала 25 пен 30 мың теңге аралығында төлем жасауды сұраған. Ақша аударылғаннан кейін алаяқ қарасын үзген. Осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен Павлодар қаласының 25 жастағы тұрғыны ұсталды.

«Ұсталған бойжеткен пәтерді, бөлмелерді жалға беру туралы хабарландырулар орналастырған. Сөйлескенде өзін жалған есіммен таныстырған. Дәлел ретінде интернет желісінде өзі тауып алған басқа адамдардың жеке куәліктерін жіберіп отырған. Жалға берілген пәтер үшін алдын ала төлемді Qiwi-әмиянға аудартып, кейін байланысқа шығуды қойған. Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалды», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.

Тәртіп сақшылары жеке және қаржы мәліметтерін, СМС бойынша келетін растау кодтарын, банк картасының сыртында орналасқан нөмірлер мен кодтарды ешкімге айтпау қажеттігін ескертіп, интернет-алаяқтықтың құрбанына айналмау үшін телефон мен қосымшаларға құпиясөздерді қоюды ұсынады. «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер осындай 2 оқиғаны ашты. Петропавл қаласының 34 жастағы тұрғыны ұялы телефон тауып алып, онда орнатылған қосымша арқылы Joom интернет-дүкеніне 15 мың теңгенің тауарына тапсырыс берген. Бұл сомма гаджет иесінің Qiwi-әмиянында болған. Қазір оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

«Жақында Olx.kz сайтының әкімшілігі біздің қызметкерлердің өтінішімен өз парақшаларында интернет-алаяқтықтан қорғану бойынша ақпаратты орналастырды. Оны хабарламаның төменгі жағында сатушының телефоны көрсетілген жерден табуға болады. Бұл ақпаратты болашақта басқа да хабарландыруды тегін жариялайтын сервистерде орналастырамыз. Ең бастысы - алдын ала төлем жасауды сұрағандарға күдікпен қараған жөн», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының басшысы Петр Климов.

Полицейлер интернет-алаяқтық фактілері бойынша шұғыл түрде жақын маңдағы полиция бөлімшесіне немесе 102, 39-48-07, 61-29-02, 61-93-75 телефон нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.

Жоғары қарай