Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Солтүстікқазақстандық соғыс ардагері бүгін 100 жасқа толды

2019 жылдың 9 мамыр 2019 21:08

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының тұрғыны, соғыс ардагері Аусағит Мұқашев үшін бүгін қос мереке. Ардагер 100 жасқа толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғасыр жасаған ардагерді мерейтойымен және Жеңіс мерекесімен туған-туыстары, ауылдастары және облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Пішембаев құттықтады.

Аусағит Мұқашев 1919 жылы 9 мамырда Омбы облысының Шұбаркөл ауданында дүниеге келген. 1939 жылы әскер қатарына алынып, 66-артиллериялық оқу полкінің курсанты болады. Соғыс басталғанда 191-атқыштар полкінің танкілер ротасында майданға аттанады. «Еуропаға дейін жеттім. Алайда Берлинге аз ғана қалғанда Кенигсберг түбінде ауыр жарақат алдым», - деп еске алды ардагер. Басы мен аяғынан жараланған жауынгер жеңісті Варшавадағы госпитальде қарсы алған екен.

«Түнгі он екілер шамасы болатын. Бір кезде госпиталь басшысының «Жеңіс! Жеңіс!» деген қатты дауысы шықты. Сол жерде жатқан бәріміз, бірінің қолы жоқ, енді бірі аяқсыз, тағы біреуі гипсте - есіміз шығып, далаға ұмтылдық. Қуаныштан жылап, бір-бірімізді құшақтап абыр-сабыр болдық. Жеңіс түні менің есімде осылай қалды», - дейді соғыс ардагері Аусағит ата.

Соғыстан кейін ол туған жеріне оралады. Колхоздың малын бағады, үйленеді.

1968 жылы Қазақстанға, бұрынғы Қызылту, қазіргі Уәлиханов ауданына қоныс аударады. Жергілікті милиция бөлімшесіне күзетші болып орналасып, сол жерден зейнет демалысына шықты.

«ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Маршал Жуков» ордендерінің, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарының иегері. Аусағит ата бүгінде 7 баласынан 23 немере, 49 шөбере сүйіп отыр. Одан тараған ұрпақ Батыр аталарын мақтан тұтады.

Жоғары қарай