Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 414.13
EUR 451.40
RUB 5.80
CNY 58.03

Табиғат қорғаушылар елорданы елең еткізген еліктің жарасын жазып, еркіндікке қоя бермек

2020 жылдың 20 ақпан 2020 17:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Табиғат қорғаушылар елорданы елең еткізген, мүйізінен жарақат алған еліктің жарасын жазып, еркіндікке жібермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін күндіз әлеуметтік желілер арқылы елордада шауып жүрген еліктің видеосы тарап кетті. Видеоматериалды көргеннен кейін біз елікті іздестіру жұмыстарына бірден кірісіп кеттік. Өзіммен бірге Ақмола облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі испекциясының мамандары Ұлы Дала, Мәңгілік ел, Тұран көшелерін аралап, Мега ОСО, Экспо, Назарбаев университеті жағын көріп қайттық. Арада бір жарым сағат өткенде елік жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдің маңынан табылды», - деп жазады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында.

Түз тағысы мүйізінен жарақат алған көрінеді. Елікті ұстап алғаннан кейін табиғат қорғаушылар оны ветеринарлық қызмет орталығына апарған.

«Ветеринарлар еліктің жарасын емдеп, уақытша өздерінде қалдырды. Мамандар белгілі бір мерзім ішінде елікті бақылайды. Жағдайы жақсарса қайтадан далаға қоя береді», - деп жазады ол.

Сәкен Ділдахмет елорданың маңында жабайы аңның мол екенін айтады. Түз тағысы ақтүтек бораннан адасып немесе азық іздеп қалаға кіріп кеткен болуы керек.

«Өткен жылы да осындай жағдай тіркелген. Осы жағдайға бей-жай қарамаған азаматтарға алғысымызды айтамыз. Егер қандайда да бір жабайы аңды көріп қалсаңыз 8(7172) 749170 немесе 87755050155 нөміріне хабарласуыңызға болады», - дейді ол.

Бұған дейін ҚазАқпарат ЭКСПО маңында елік шауып жүргенін хабарлаған болатын. Көп өтпей оны мамандар ұстап алған еді .


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Оқиға, Экология,
Жоғары қарай