Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 36 °С
валюта бағамы
USD 383.01
EUR 430.12
RUB 6.10
CNY 55.70

Табысқа жеткен шетелдегі қандастар туралы арнайы тележоба басталады

2019 жылдың 6 маусым 2019 22:04 656

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Мюнхен қаласында өтетін дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайының күнтәртібінде қандай мәселелер қаралатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынында да, құрылтайдың күн тәртібі өте тығыз әрі қызықты. Ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар мәселелерді шешу жұмысы тұр. Олар ең алдымен, байланыстарды нығайтып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі диаспоралардың «Отандастар» қорымен, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығымен қарым-қатынасын күшейтуге бағытталған. Ол жерде біздің шетелдегі отандастарымызды қолдауға бағытталған заңнамалық бастамалар талқыланып, білім және туристік саладағы бағдарламалар жүзеге асырылатын болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесі қаузалады. Бизнес-жобаларды іске асыру мәселесі көтеріледі», - деді Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Министр сонымен қатар шетелдегі қазақ жастары үшін қазақстандық Жоғарғы оқу орындарының көрмесі ұйымдастырылатынын айтып өтті.
«Тұңғыш рет кіші құрылтай аясында отандық және шетелдік бизнесмендердің қатысуымен бизнес-форум өтеді. Сондай-ақ, қазақ диаспорасы өкілдерінің табысқа жету жолдары туралы тележоба бастағалы отырмыз. Жоғары жетістіктерге жеткен қандастарымыз көп. Олардың өмірі шынында да, жігер береді. Мәселен, Назарбаев Университетінде ғылым докторы, профессор Дөрбөтхан Сұраған атты азамат жұмыс істейді. Кезінде Моңғолияда мал бағып, қазақы ортада өскен ол үшін мектепке (моңғол тіліндегі мектепке) бару қиынға түскен. 2005 жылы ол тарихи отанына оралып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алған. Нью-Йорктегі университетте білімін шыңдаған. Лондондағы Патшайымдық колледжінен магистр дәрежесін алған. Ал бүгін ол әлемнің ең табысты математиктерінің біріне айналды. Осындай азаматтардың өмірін көпшілік білуі керек», - деді Дәурен Абаев.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 7-9 маусымда Германия Федеративтік Республикасының Мюнхен қаласында дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтетінін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Жоғары қарай