Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Тағы бірнеше министрлікке жемқорлыққа қатысты талдау жүргізіледі

2019 жылдың 1 тамыз 2019 18:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау жұмыстары жайлы елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алдын алу департаментінің басшысы Анар Жарова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері талдау жұмыстары атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, «ҚазАвтоЖол» АҚ» Ұлттық компаниясына, Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек заттарын сараптау ұлттық орталығына, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне, кеден желісі бойынша Мемлекеттік кірістер комитетіне және Ұлттық олимпиада комитетіне жүргізілген.

«Алты бірдей талдау жұмысының үшеуі ұйымдардың өзінен түскен өтінім бойынша қолға алынды. Бұл жағдай қоғамның жемқорлық кеселіне деген көзқарасының өзгеріп бара жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік органдардың мұндай қызығушылығы ведомстволық мүдде көзқарасынан алыстауға жол ашады», - деді Анар Жарова.

Агенттік өкілінің айтуына қарағанда, жемқорлық жағдайларының шарттары мен себептерін анықтау және оларды жою бағытында нақты шаралар қолға алынуда.

«Осы жылдың шілде айында үш мемлекеттік органның жұмысында анықталған жемқорлық тәуекелдерін қарап, талдадық. Олар - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Ауыл шаруашылығы министрліктері. Талдау жұмысынан кейінгі талқылаудың арқасында жемқорлық тәуекелдерін жою бағытындағы кешенді шаралар қабылданады», - деді ол.

Анар Жарова сонымен қатар, талдау жұмыстары алдағы уақытта қандай органдар мен ұйымдарға жүргізілетінін де атады.

«Ертең біз жемқорлық тәуекелдеріне қатысты талдауды Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік материалдық резерв комитетіне, одан кейін Экология министрлігінің экологиялық реттеу және қадағалау комитетіне, «СК-Фармация» ЖШС-ға, сонымен бірге тұрғын үй құрылысы саласына жүргіземіз. Талдау орталықпен бірге өңірлерде де қолға алынады», - деді агенттік өкілі.

Жоғары қарай