Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 381.10
EUR 420.81
RUB 5.65
CNY 54.57

Таразда көпбалалы аналарға 90 пәтерлі екі жатақхана пайдалануға берілді

2019 жылдың 25 желтоқсан 2019 00:10

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында тоқсан пәтерлі екі жатақхана пайдалануға берілді. Әр жатақханада 45 пәтерден бар. Оған ие болғандардың дені - көпбалалы және аз қамтылған отбасылар. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз қызметіне ресми кірісу рәсімінде тұрғын үй мәселесін шешу бойынша түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударылатынын баса айтқан болатын.




«Жыл басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов көпбалалы аналармен кездесіп, биыл жамбылдықтарға 8 жатақхана берілетінін мәлім еткен болатын. Өз уәдесінде тұрған өңір басшысының тапсырмасына сәйкес күні кеше «Қарасу» шағынауданында 45 пәтерлі 2 жатақхана ел игілігіне берілді. Осылайша талай жылдан бері кезекте тұрған жандар баспаналы болды. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған 90 пәтер облыстың 80 жылдық мерейтойына орай 80 нысан аясында беріліп отыр» делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.




Асқар Исабекұлы тұрғындарға кілт тапсыру салтанатында пайдалануға берілген әрбір жатақхананың кәдімгі екі бөлмелі пәтер ретінде бой көтергенін тілге тиек етіп, әрқайсысының ауданы 35-40 шаршы метрді құрайтынын жеткізді. Сондай-ақ оларды жалдау құны 3500 теңгеден аспайды. Мұқтаж отбасылар бұл жатақханаларды пәтер кезегі келгенше паналай алады.

Бұдан бөлек, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы Президент тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Шаһар бойынша биыл жыл соңына дейін әрқайсысы 80 пәтерлі 4 әлеуметтік тұрғын үй беріледі.

Көпбалалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша - 323, сонымен қатар қайталама нарықтан - 144 пәтер сатып алынды.

Қазіргі таңда «Қарасу» және «Арай» мөлтекаудандарында көпбалалы отбасыларға арналған 6 көпқабатты әлеуметтік жатақхананың құрылысы жүріп жатыр.

Бүгін пайдалануға беріліп отырған 45 пәтерлі жатақхананың әр пәтерінде зал мен жатын бөлмелер, сонымен қатар өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі бар.

Жоғары қарай