Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.10
EUR 454.34
RUB 5.82
CNY 57.62

Таразда қылмыстық топ 2,2 млрд теңгені қолма-қолға ақшаға айналдырған

2020 жылдың 27 наурыз 2020 10:49

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында 2,2 млрд теңгеден астам соманы заңсыз қолма-қолға ақшаға айналдырған қылмыстық топ әшкереленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитеті Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің жедел-тергеу тобы «STOP-Обнал» жедел-алдын алу шарасы барысында Тараз қаласы тұрғыны 2012-2019 жылдар аралығында қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқанын анықтады», - делінген Қаржы мониторингі комитетінің хабарламасында.

Белгілі болғандай, жалған шот-фактура жазу мақсатында күдікті өзінің туыстары мен сенімді тұлғаларының атына 20-дан астам үлестес кәсіпорын тіркеген. Іс жүзінде жұмыстар орындалмаған, қызметтер де көрсетілмеген. Бұл тұрғыда контрагент-кәсіпорындардың бюджетке салық төлеуден жалтаруына жағдай жасалған.

2017-2019 жылдар аралығында осы тұрғын мен оның сенімді адамдары Жамбыл облысындағы екінші деңгейлі банктерден 2,2 млрд теңгеден астам соманы қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұл факті бойынша Департамент ҚР ҚК 216-бабымен (жеке кәсіпкерлік субъектісінің іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, шот-фактура жазу мақсатымен аса ірі көлемде зиян тигізген мүліктік пайда алу) қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін тіркеді.

«Жедел-тергеу тобының үйлесімді іс-әрекеті барысында «ForteBank» АҚ ТҮҚ-да 17 915 000 теңге сомасындағы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үстінде қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Ақша қаражатының бақылауда болған жалған кәсіпорындарға аударылып, алынғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеу аясында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері тұрып жатқан мекенжайларда тінту жүргізіліп, біркүндік фирмалардың мөрлері, ноутбуктер мен компьютерлер тәркіленді», - делінген ведомство мәліметінде.


Жоғары қарай