Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 376.42
EUR 417.41
RUB 6.09
CNY 54.54

Таразда латын әліпбиін үйрететін онлайн-бағдарлама жасалды

2019 жылдың 8 желтоқсан 2019 10:43

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда латын әліпбиіне негізделген қазақ тілін үйрететін онлайн-бағдарлама жасалды. 18 сабақтан тұратын жаңа бағадарламаны «qazalipbi.kz» сайтына кіріп, қолдануға болады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа бағадарламаны жасау үшін облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының мамандары жарты жыл еңбектеніпті. Ол туралы «Латын графикасы: түркілік тұтастық және жаһандық ақпараттық кеңістік» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында баяндалды. Аталған басқарма мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткен шарада латын графикасына негізделген әліпби мен емле ережелердің лингвистикалық аспектілері, түркі руханиятымен жаңа қазақ әліпбиіне қатысты өзекті мәселелері талқыланды.




Конференция жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар, халықаралық деңгейдегі филология ғылымдарының докторлары мен кандидаттары қатысты. Атап айтсақ, басқосу барысында Әзербайжаннан келген Баку мемлекеттік университетінің профессоры Ф.Агаева, Өзбекстандағы Ажинияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының доценті А.Пирниязова, Түркияның Хасеттепе университетінің PhD профессоры Халил Четин және еліміздің әр аймағынан келген мамандар баяндама жасады. Қонақтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, орамды ойларын ортаға салды. Олар қазақ тілінің латын графикасына өтуін дер кезінде жасалған қадам санайтындықтарын жеткізді.




«Біздегі қарақалпақ тілі 1994 жылы латын графикасына өткен болатын. Бірақ, біз бірден асығыстықпен, латын графикасында бар отыз екі әріпті ала салдық. Түркияның тәжірибесін пайдалануға тырыстық. Дегенмен, мектептердегі мұғалімдерден, халықтан, жастардың қалай үйреніп жатқаны туралы интервьюлер алып, баспасөз мәжілістерін өткізіп, зерделегенімізде, ол әліпбиді меңгеру оқушылар үшін үлкен қиыншылық туындатып отырғаны белгілі болды. Соны ескеріп, 2008 жылы латын графикасын өзіміздің болмысымызға орай қайта бейімдеп, өзгерттік. Қазақстан да осыған мұқият болғаны абзал», -дейді Ажинияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының доценті ғалым Алима Пірниязова.

Жоғары қарай