Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 377.19
EUR 408.99
RUB 5.93
CNY 54.02

Таразда ортағасырлық шығыс үлгісінде салынған алып кешен ашылды

2019 жылдың 25 желтоқсан 2019 20:35

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ашылған нысандардың бірегейі - шаһардың қақ ортасынан орын алған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені. Орта Азияда баламасы жоқ алып кешенді Тараздың 2000 жылдық тарихын қайта тірілткен «ғажайып сәулет құрылысы» деп атауға толық негіз бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мыңжылдықтардың куәсі киелі өлкенің руханиятын оятып, рухын асқақтатқан, мерейін өсіріп, мазмұнын арттырған жоба жамбылдықтар үшін теңдесіз тарту болғаны сөзсіз.

Барлық құрылыс барысы орта ғасырлық шығыс сәулет стилінде жүргізілген кешен 2000 жылдан аса тарихы бар Тараз шаһарының тарихи болмысын барынша айшықтай түсуде. Онда барлығы 8 нысан қамтылған. Олар: «Руханият және тарихтану» орталығы, «Қолөнер шеберлерінің галереясы», «Көркемсурет галереясы», «Облыстық тарихи-өлкетану музейі», «Ретро-фестиваль» амфитеатры, «Көрме» павильоны, «Сағат» стеласы, «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңы. Айта кету керек, ұлттық құндылығымызды болашақ ұрпаққа жеткізіп, тарихымызды танытуға бағытталған жобаға демеушілер де өз үлесін қосып, құрылысқа қолдау көрсетуде.




«Бүгінде кешендегі 8 нысан бойынша құрылыс-монтаж, әрлеу-безендіру жұмыстары толығымен аяқталды. Құрылыс жұмыстарына барлығы 1000-нан астам құрылысшы, 100-дан аса техника жұмылдырылды. Әрлеу жұмыстары Самарқанд стиліндегі кірпіштерімен жүргізілуіне байланысты Өзбекстаннан арнайы мамандар тартылды. Инфрақұрылыммен қамту шаралар да тиісінше орындалған. Жалпы жеті гектарға жуық аумақты құрайтын орталықтағы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталып, желтоқсан айында мәресіне жетті»,-дейді штаб басшысы Рахманқұл Байтелиев.

Айта кетейік, мұндағы құрылысқа қажетті материалдардың 80 пайызы отандық өндіріс орындарынан жеткізілсе, қалғаны Самарқан кірпіші, «глазурь» атты төсеніштер Қытай мен Өзбекстан мемлекеттерінен әкелінді. Олармен арнайы келісімшарт жасалып, ең сапалы материалдар пайдаланылды. Глазурь төсеніштері арнайы пештерде 1800 градуста алдын-ала өлшеммен дайындалған.







Жалпы кешендегі нысандардың қабырғаларын әрлеу жұмыстарына 7000 шаршы метрден астам Самарқанд кірпіштері, 2000 шаршы метрге глазурь төсеніштері пайдаланылған. Әрлеуге пайдаланылған травертин тастарының элементтері Қырғызстанда әзірленген.

Сондай-ақ әр ғимараттың сыртқы әрлеу-безендіру барысы ерекше, бір-біріне ұқсамайды. Дегенмен кешендегі барлық нысанды безендіру жұмыстарына Айша бибі кесенесінде кездесетін сегіз бұрышты өрнек-бедерлердің пайдаланылғанын айтып өту керек. Ол Тараз қаласының орта ғасырлық келбетін қалыптастыруға мүмкіндік беріп, келушілерге айрықша әсер етеді.

Жоғары қарай