Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Тараздағы халықаралық турнирде балуандарымыз 17 медаль олжалады

2019 жылдың 19 қараша 2019 20:53

ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Таразда екі күнге созылған еркін күрестен аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Осымен 12-ші рет ұйымдастырылған балуандар бәсекесіне елімізден және шетелдерден үздік спортшылар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тараз-Арена» спорт кешенінде ересектер арасында өткен жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, алыс-жақын шет мемлекеттерден және өзге облыстардан келген қонақтарға алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тілеген болатын. Турнирдің әр жеңімпазына 4 мың АҚШ долларынан (жеңімпаздың жеке бапкеріне 500 АҚШ доллары), күміс жүлдегерге 2 мың АҚШ доллары, екі қола жүлделерге 500 АҚШ долларынан ақшалай марапат тағайындалды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 40 миллион теңге көлемінде болды.

57 килограмм салмақ дәрежесінде моңғолиялық Тумэнбилег Тувшинтулга алтын еншілесе, отандасымыз Адлан Асқаров күміс медальді қанағат тұтты. Бұл салмақта еліміздің намысын қорғаған Еламан Қадырсейіт қола жүлдеге қол жеткізсе, тағы бір қола ресейлік Петр Константиновке бұйырды.Ал, 61 килограмм салмақта ресейлік Александр Богомоев чемпион атанса, оның отандасы Айтал Захаров күмісолжалады. Отандасымыз Расул Қалиев қола жүлдеден көрінсе, тағы бір қоланы ресейлік Динислам Тахтаров қанағат тұтты. Сондай-ақ, 65 килограмм салмақ дәрежесінде отандасымыз Мейіржан Әшіров чемпион атанды. Ол финалда еліміздің тағы бір белгілі балуаны Дәулет Ниязбековтен басым түсті. 70 килограмм салмақта ресейлік Азнаур Таваевқа қарсылас шақ келмеді. 74 килограмда да ресейліктер дес бермеді. Руслан Богатырев алтын, Дарсам Джапаров күміс медальді иеленді. Қос қола отандастарымыз Дархан Есенғали мен Рамазан Жүнтаевтың еншісінде.

79 килограмда отандасымыз Ғалымжан Өсербаев чемпион атанса, 86 килограмда ресейлік Даурен Куруглиевтің бағы жанды. 92 килограмм салмақ дәрежесінде болгариялық Ахмед Магамаев алтын алса, 97 килограмда Беларусь елінің балуаны Александр Гушке тең келер ешкім болмады. Ел намысын қорғаған Думан Бөлтіріков 125 килограмм салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

Сонымен, бес салмақта алтын иеленген ресейліктер жалпыкомандалық есепте топ бастаса, үш алтынға қол жеткізген отандастарымыз екінші орыннан көрінді. Жалпы ел командасы 17 жүлде олжалады.

Автор Ғибрат Сембай
Басты сөздер: Спорт, Жамбыл облысы,
Жоғары қарай