Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Тараздан Арысқа 40 тонна азық-түлік, 60 тонна құрылыс материалы жіберілді

2019 жылдың 26 маусым 2019 01:48

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып Тараз қаласынан гуманитарлық көмек жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Жамбыл облысынан гуманитарлық көмектің алғашқы легі жіберіліп, діттеген орынға жетті. Атап айтар болсақ, Тараз қаласынан жалпы құны 8 миллион теңгеден аса қаржыны құрайтын 40 тонна азық-түлік тиеліп, жіберілді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Нақтырақ айтсақ, 10 тонна ұн, 10 тонна қант, 18 мың дана құс жұмыртқасы, 1,5 тонна тауық еті, 350 келі шұжық өнімдері, 1 тонна сүт өнімдері, 200 келі макарон өнімдері, 1 тонна өсімдік майы, 400 келі печенье, 700 келі қияр және 1000 дана бөлке нан дайындалды. Одан бөлек 60 тонна құрылыс материалдары жөнелтілді. Арыс қаласына медициналық қызмет көрсету мақсатында арнайы 4 бригада жіберілді. Бұл бағытта қажетті дәрі-дәрмекке 2,2 миллион теңге қаражат бөлінді»,- делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.




Жалпы Жамбыл облысында көмек көрсету шаралары жалғасын тауып, 180 тоннадан аса гуманитарлық көмек жолданады деп күтілуде. Алдағы күндері де партияның облыстық және аудандық филиалдарындағы арнайы пункттерде жиналған көмек материалдары жолданатын болады.

Сондай-ақ, айта кетейік, облыс басшысы Асқар Мырзахметов және оның орынбасарлары мен департамент, басқарма басшылары да Арыс қаласындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде бір күндік айлық жалақысын аударды.

Жоғары қарай