Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Ташкентте «Қазақстан – таулар мен дала рухы» атты көрме ашылды

2019 жылдың 21 желтоқсан 2019 13:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ташкентте Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің «Қазақстан – таулар мен дала рухы» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сәйкес, көрме Өзбекстандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және ТМД елдерінің ынтымақтастық жөніндегі келісіміне сай ұлттық көркемдік шығармашылық жобаларды жүзеге асыру мақсатында өтіп жатыр.

Іс-шара барысында музей қорындағы ұлттық көркем туындылардың ең үздік үлгілері ұсынылады. Бұл ретте көрмеге көрнекті қазақ кескіндеме шеберлері Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов, Молдахмет Кенбаев, Абрам Черкасский, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Салихитдин Айтбаев, Жанай Шарденов, Сахи Романов, Әбдірашит Сыдыханов, Тоқболат Тоғысбаев, Қанафия Телжанов, Бахтияр Табиев, Арий Школьный, Асқар Есдаулетпен қатар өзбек суретшілері - Орал Таңсықбаев, Бахтиёр Бабаев, Владимир Бурмакиннің туындылары қойылған.




Ә.Қастеев атындағы музей осынау көрме арқылы қазақ даласында 1930 жылдардан бастап қалыптаса бастаған көркемөнер мектебінің ерекшеліктерін жеткізуге тырысады. Мәселен, келушілер дәл сол қалыптасу кезеңіндегі революциялық өзгерістер, жаңа әлемнің қалыптасуы мен халықтар тарихынан бастап, символикалық және поэтикалық өнер үлгілерін тамашалай алады.







Осы орайда Әбілхан Қастеевтің «Алматының жаңа ғимараттары», «Медеу мұз айдыны», Әубәкір Ысмайыловтың «Бес-Шатыр», Қанафия Телжановтың «Композитор С. Мұхамеджановтың портреті», Молдахмет Кенбаевтың «Алма-Ата маңындағы таулар», Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көптеген әйгілі қазақ суретшілерінің алғашқы ұстазы А.М. Черкасскийдің «Көкнәр» экспозициясымен Жаңатай Шәрденовтің пейзаждары, Әбдірашит Сыдыхановтың кескіндемелері, Айша Ғалымбаева мен Гүлфайрус Исмаилованың суреттері Қазақстан тарихынан сыр шертеді.

Фото: www.facebook.com/kazembassytashkent


Жоғары қарай