Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Тегін жол жүру билеті, әлеуметтік пакет, баспана: Астананың үздік волонтерлеріне қолдау көрсетіледі

2019 жылдың 18 қыркүйек 2019 22:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жастар жылы аясында елордада «Jastar jalyny Camp – 2019» жастар лагері өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәстүрге айналған «Jastar Synеrgy» жастар лагері биыл «Jastar jаlyny Camp» атауымен өтеді. Онда жастар бизнес, мәдениет және спорт, әлеуметтік салалар бойынша әзірлеген жобаларын ұсынады.

«Бүгінгі лагерь қаланың ең белсенді жастарына арналған. Ол үшін онлайн-режимде іріктеу жүргіздік. Оған өтінім беріп, қызықты жобалар ұсынған жүзге жуық жастарды таңдап алдық. Еш шектеу болған жоқ, қатысушылар арасында оқушылар да, студенттер де, 29 жасқа дейінгі мамандар да бар. Жиынды ертең қорытындылап, іріктелген жобалалр туралы қосымша хабарлаймыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді тілшілерге берген сұхбатында.




Сонымен бірге, спикер Жастар жылы аясындағы қолдау шаралары жөнінде әңгімеледі.

«Жастар жылы аясында елімізде және Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды шаралар өтіп жатыр. Жақында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жастарға жалға берілетін баспана бағдарламасы басталды. Бұл бастаманы жастардың өзі ұсынған еді. Жыл соңында дейін лагерлер мен «Елорда жастары» байқауы ұйымдастырылып, қайырымдылық балы өтеді. Келесі жылы «Астана жастары» ұйымына волонтерларды көптеп тартамыз және оларға арнайы әлеуметтік пакет беруді қарастырамыз. Ең белсенді еріктілерге жол жүру билеті тегін берілуі мүмкін», - деді ол.

Елорда әкімдігі жанындағы «Астана жастары» КММ жетекшісі Шыңғыс Тілеулин жастар лагерінің үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Жиын қаланың ең белсенді жастарын біріктіруді көздейді.

«Президент Жолдауынан кейін мұндай шаралар белсенді ұйымдастырылып жатыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» түсінігі дәл осындай нетворкинг-форматта көрініс табады деп ойлаймын. Мұнда жастар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін айтып, қызықты жобаларын ұсына алады. Бұл жоба бұрын «Jastar Synergy» деп аталған. Жастар жылында «Jastar Jalyny camp» деп өзгерттік. Бұл жоба үлкен сұранысқа ие. Ең белсенді, көш бастаған жастарды, студенттерді, волонтерлерді іріктеп алуға тырыстық», - дейді Ш. Тілеулин.

Ұйым басшысы жастар жобасын іріктеу жұмыстарының қалай жүргізілетінін әңгімеледі.

«Мұнда әлеуметтік жобаларға ерекше көңіл бөлеміз. Пайда табуды көздеген біраз жобадан бас тартуға тура келді. Әлеуметтік мәселелерді, урбанистика, қалаға көмектесу туралы жобаларды таңдап алдық. Мәселен, қатысушылардың бірі өздігінен қоқысты реттейтін «ақылды» қоқыс контейнері жобасын жасады. Оның құны қоқыс өңдеу зауыттарының құнынан арзан. Осылайша, бюджеттің біраз қаржысын үнемдеуге болады. Бұл өте қызық жоба. Тіпті инвесторлар қызығушылық танытты. Осындай қиялы шексіз жастарды жинауға тырысамыз», - деді ол.




Жастар лагеріне арнайы шақырылған қонақтар еркін форматта кездесу өткізді. Олардың арасында актриса, психолог Альмира Тұрсын, актирса, спортшы Мөлдір Мекенбаева, «100 Жаңа есім» жобасының жеңімпазы, кәсіпкер Тілектес Адамбаев, инвестор Серік Байгиреев, «Rixos Pro» компаниясының бас директоры Вахил Гасанов, «Меценат» қаржы компаниясының бас директоры Жандар Садықов және тағы да басқа қоғам қайраткерлері бар. Солардың бірі «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Eurasia blockchain fintech group компаниясының басқарма төрағасы Тілектес Адамбеков жастармен өз тәжірибесін бөлісті.

«Қазіргі жастардың талабы жоғары. Себебі жаңа технология мен Интернет қарқынды дамып келеді. Мен Қытайда көрген-білгенімді, мемлекеттік қызмет пен халықаралық компанияларда жинаған тәжірибемді жастармен бөліскім келеді. Мен мемлекеттің бар мүмкіндіктерін, гранттарын пайдаландым. Себебі білім өте маңызды. Менің мақсатым – білім арқылы өмірімнің қалай өзгергенін көрсету. Сонымен бірге, нетворкинг-формат жастар үшін өте пайдалы, бір-бірімен танысып, қарым-қатынас орнатады», - деді Т. Адамбеков.




Айта кетейік, үш күнге созылатын лагерь бағдарламасында жастарға арналған шеберлік сағаттары мен тренингтер, футбол және волейболдан турнирлер өтеді. Сонымен бірге, жастарды зияткерлік ойындар, спорттық, шығармашылық жарыстар және «Open Air» кеші ұйымдастырылады.


Жоғары қарай