Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Теңге бағамын ұстап тұрудың арты неге соғатын еді – Ұлттық банк

2020 жылдың 16 наурыз 2020 19:39

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ұлттық валютаның бағамына ықпал ететін сыртқы факторлар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнай нарығы құлады. Оның артынан қаржы нарығы да құлады. Мұның барлығына коронавирус жұқпасы әсер етті. Соңғы 30 жылда ОПЕК+ кіретін елдердің арасында қара алтынды өндіру туралы өзара келісімнің болмауы да ықпалын тигізді. Мұнай бағасының бірден түсуі ұлттық валютаның әлсіреуіне әкелді. Сыртқы сын-қатерлерге жауап ретінде Ұлттық банк 10 наурызда базалық ставканы 12 пайызға дейін түсірген болатын. Бүгін Ұлттық банк базалық ставканы 12 пайыз дәрежесінде ұстап, теңгені жаңа макроэкономикалық ахуалға бейімдейтіндігін мәлімдеді», - деді Ә.Молдабекова.

Лауазымды тұлға Ұлттық банктің валюталық нарыққа неге қатыспайтындығын, бұдан әрі интервенция жасамайтын себебін түсіндірді.

«Өткен аптада сыртқы нарықтағы ахуалды мұқият бақыладық. Теріс тенденциялар қаншалықты тұрақты болатынын бақыладық. Нарықтың құлдырау процесі тоқтар емес», - деді ол.

Бүгінде мұнай баррелінің бағасы 31 долларға жеткен.

Коронавирус пандемиясы, Қазақстандағы төтенше жағдай режімі, ОПЕК+ елдері арасындағы уағдаластықтың жоқтығы, дамушы және мұнай экспорттаушы елдер валютасының құлдырауы жағдайды тек нашарлата түсті.

«Мемлекет басшысы айтқандай, мәселе бүкіл әлемнің экономикасының қайта форматталуында болып отыр. Бұл тек сыртқы ахуал ғана емес, ішкі фундаменталды факторлардың нашарлауы болса керек. Бұл жаңа экономикалық ахуалға Қазақстан бейімделуі керек. Өткен аптада жүргізген интервенция барысында ең алдымен макроэкономикалық тұрақтылық жайлы ойладық. Негізсіз алыпсатарлықтың алдын алуға тырыстық», - деді Әлия Молдабекова.


Жоғары қарай