Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Теннис: Александр Бублик Ньюпорт турнирінің финалына шықты

2019 жылдың 21 шілде 2019 01:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Бублик Ньюпорт (АҚШ) ATP турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 83-орында тұрған А.Бублик жартылай финалда әлемнің 98-ракеткасы, испаниялық Марсель Гранольерспен күш сынасты.

Турнирдің 7-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик 22-де болса, тәжірибелі қарсыласы 33 жаста еді.

Бірінші партияны тамаша бастаған қазақстандық теннисші 4:0 есебімен алға шықты. Алайда бұдан кейін испаниялық спортшы қатарынан бес геймді алды. Ақыры бұл сет тай-брейкке ұласып, онда Бублик сәтті ойнады – 7:6 (7:5).

Екінші сетте испаниялық теннисші брейкпен алға шықты – 2:0. Ол тағы бір брейкпен бұл сетті өз пайдасына аяқтады – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте А.Бублик брейк жасап, өз геймін де бермеді – 4:2. Сосын осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 4 минутқа созылды.

А.Бублик финалда осы турнирдің (жүлде қоры – 583 585 АҚШ доллары) бірінші, әлемнің 15-ракеткасы, америкалық Джон Иснер немесе рейтингте 48-сатыдағы франциялық Уго Умбердің біреуімен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Ньюпорт турнирінің жартылай финалына шыққанын, Андрей Голубев пен Александр Недовесовтің жұптық сында Нұр-Сұлтан додасының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық Елена Рыбакина Бухарест жарысының финалына шықты.





Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай