Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Теннис: Анна Данилина Қытайдағы турнирде ұтылып қалды

2019 жылдың 9 қыркүйек 2019 17:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина Қытайдағы Наньчан WTA турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың бірінші айналымында Анна Данилина қытайлық Фанчжоу Люмен кездесті.

Қазақстандық теннисші осыған дейін рейтингте 355-сатыда болса, қарсыласы 250-орында еді. Екеуі де 1995 жылы дүниеге келген.

Ф.Лю негізгі турнирге арнайы шақырту алса, А.Данилина іріктеу сайыстарының жеңімпазы ретінде қосылған еді.

Іріктеу сайыстарында Анна алдымен рейтингте 733-орында тұрған қытайлық Шаншан Гуоны 7:5, 2:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Ал финалда іріктеу сайыстарының 6-ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 286-орындағы Польша елінің өкілі Урсула Радваньсканы 5:7, 6:2, 6:3 есебімен ұтты.

Бірінші партияда брейк жасай білген қытайлық спортшы 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Екінші сетте А.Данилина 6:2 есебімен есе қайырды.

Үшінші, шешуші партияда есеп 5:4 болып, қарсыласы доп берген мезетте қазақстандық теннисші қос бірдей матчболын пайдалана алмады. Содан кейін қытайлық брейк жасап, кездесуді жеңіспен түйіндеді – 7:5.

Тартысты матч 2 сағат 7 минутқа созылды.

Ф.Лю екінші айналымда осы турнирдің үшінші, әлемнің 53-ракеткасы, Польша елінің өкілі Магда Линетпен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 69-ракеткасы Елена Рыбакина осы турнирде ертең үндістандық Анкита Райнамен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Хиросима турнирін жеңіспен бастағанын, Юлия Путинцеваның әлемнің 3-ракеткасымен кездесетінін жазған болатынбыз.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай