Ауа райы
Нұр-Сұлтан 13 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Теннис: Путинцева Нюрнберг турнирінің жеңімпазы атанды

2019 жылдың 25 мамыр 2019 20:11 737

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат  - Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева Нюрнберг турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ю.Путинцева жүлде қоры 250 мың еуроға бағаланған жарыстың финалында дүниежүзілік рейтингте 68-орында тұрған словениялық Тамара Зиданшекпен шеберлік байқасты. Биыл 24-ке толған қазақстандық теннисші 21 жастағы қарсыласына қарағанда, рейтингісі жоғары әрі тәжірибелі еді. 

Бірінші сетті сәтті бастаған словениялық спортшы 3:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін қазақстандық теннисші есепті қысқартқанымен, Т.Зиданшек қайта брейк жасады - 4:2. Ю.Путинцева таразы басын теңестіргенімен, қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды - 4:6. Екінші партияда Юлия брейкпен алға шықты - 3:1. Әйтсе де қарсыласы қарап қалмады - 3:3. Ю.Путинцева тағы бір брейкке қол жеткізді - 5:3. Ақыры сетке доп бергенде, қателескен жоқ - 6:4. Үшінші, шешуші сетте қарсыласының қателігін пайдаланған Путинцева өз геймдерін алумен бірге брейк жасай алды - 3:1. 

Тағы бір брейк - 5:2. Ақыры Ю.Путинцева өзі матчқа доп бергенде, есесін жібермеді - 6:2. Финалдық матч 2 сағат 20 минутқа созылды. Осылайша Ю.Путинцева өз спорттық жолында алғаш рет WTA турнирінің чемпионы атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Нюрнберг турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз. Ал Галина Воскобоева жұптық сында Страсбург турнирінің финалына шыға алмады.

Ертең Парижде «Үлкен дулыға» турнирінің бірі - «Ролан Гаррос» жарысы басталады. Оған жекелей сында Қазақстаннан Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Елена Рыбакина, Михаил Кукушкин және Александр Бублик қатысады. Олардың қарсыластары да белгілі.  Алғашқы айналымда Ю.Путинцева швециялық Ребекка Петерсонмен, З.Дияс  франциялық Одри Албимен, Е.Рыбакина чехиялық Катержина Синяковамен, М.Кукушкин словакиялық Мартин Клижанмен, А.Бублик германиялық Рудольф Моллекермен кортқа шығады.

 

 

 

Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай