Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Теннис: Рыбакина Қытайдағы турнирдің финалында жеңіліп қалды

2020 жылдың 11 қаңтар 2020 13:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Қытайдағы Шэньчжэнь WTA турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Рыбакина финалда ресейлік Екатерина Александровамен шеберлік байқасты.

Е.Александрова әлемдік рейтингте 34-орында болса, қазақстандық теннисші 36-сатыда еді. Алдағы дүйсенбіде екеуі де өз елдерінің бірінші ракеткасы атанады.

Бірінші партияда ресейлік спортшы 4:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Елена есепті қысқарта алды – 2:4. Бірақ Е.Александрова есе жібермеді – 6:2.

Екінші сетте Е.Рыбакина 4:2 есебімен алға шыққанымен, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Қатарынан төрт геймді алған Е.Александрова жеңіске жетті – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 14 минутқа созылды.

Бұл ресейлік теннисшінің WTA турнирлеріндегі алғашқы жеңісі еді. Ал Е.Рыбакина өткен жылы Бухаресте үздік шыққан болатын.

Қазақстандық теннисші алдағы аптада Хобарт (Аустралия) WTA жарысына қатысады. Демек, алдағы дүйсенбіде үздік отыз теннисшінің қатарына кіретін Е.Рыбакинаның өз рейтингісін жақсартатындай мүмкіндігі мол.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Қытайдағы турнирдің финалына шыққанын, ал Юлия Путинцеваның Аделаида жарысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.




Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай