Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Теннисші Елена Рыбакина Қытайдағы турнирде ұтылып қалды

2019 жылдың 17 қыркүйек 2019 16:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Қытайдағы Гуанжчоу WTA турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Рыбакина алғашқы айналымда осы турнирдің бесінші, әлемнің 38-ракеткасы, чехиялық Катерина Синяковамен күш сынасты.

Өткен аптада Қытайдағы Наньчан жарысының финалына дейін жеткен қазақстандық теннисші кеше дүниежүзілік рейтингте 69-дан 49-орынға көтеріліп, өз спорттық жолында алғаш рет үздік елу теннисшінің қатарына қосылған еді.

Бұл жолы бірінші партияда чехиялық спортшы айқын басымдық көрсетті – 6:1.

Екінші сетті Е.Рыбакина брейкпен бастағанымен, өз геймін беріп қойды – 1:1. Есеп қарсыласының пайдасында 3:1 болғаннан кейін Е.Рыбакина бәсекені жалғастырудан бас тартты.

К.Синякова жүлде қоры 500 мың АҚШ доллары болатын доданың екінші айналымында әлемнің 73-ракеткасы, швейцариялық Виктория Голубичпен шеберлік байқасады. В.Голубичті Наньчан турнирінің ширек финалында Е.Рыбакина жеңген болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Осака жарысын жеңіспен бастағанын, Юлия Путинцеваның екінші айналымға шыққанын, Михаил Кукушкиннің Санкт-Петерборда сәтті өнер көрсеткенін жазған болатынбыз.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Қытай, Спорт,
Жоғары қарай