Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Теріс пиғылды діни ағымдардың әлеуметтік-саяси астары бар

2019 жылдың 22 қыркүйек 2019 14:04

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы жоғары медициналық колледж студентеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Еркін Тастанқұлов діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары туралы дәріс оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Колледждегі дәріс танысудан басталды.Тақырып ауқымды әрі күрделі болғандықтан лектор дәрісті өзгеше форматта өткізді. Жастармен ашық диалог құрды. Алдымен студенттерге сен кімсің деген жалпы сұрақ қойылды.

Жастар таласа жауап берді. Бірі адаммын десе, енді бірі ҚР азаматымен деді.

«Дұрыс айтасыздар біріншіден біз бәріміз адамбыз. Сонымен бірге, біздің Қазақстан Республикасының азаматы екендігіміз маңызды! Әлемдегі әр мемлекет өз азаматтарының құқығын қорғайды. Қазақстаның басты байлығы –халық. Біздің ел тұрғындарының құқығы толықтай қорғалған. Сондай-ақ, дініне, діліне, салт-дәстүріне шектеу қоймайды. Алайда осыны жат ағымдағылар теріс пиғылда пайдаланып жүр»,- дейді Еркін Тастанқұлов.

Еркін Тастанқұловтың айтуынша, қазіргі жастардың мақсаты айқын, міндеттері белгілі, армандары асқақ. Алайда, бәрі біз ойлағандай болмайды. Өмірде түрлі қиындықтар кездеседі, жұмысымызда келеңсіз жәйттер орын алып, оқуда қиындықтар туындауы мүмкін. Дәл осы кезде адам депрессияға ұшырайды, көңілі түседі.

«Осындай күйге түскен адамдарды деструктивті ағымдар өздеріне тартады. Аяушылық танытып, көмекке келеді. Әртүрлі тәсілді қолданады. Әлеуметтік жағынан да көмектесуі мүмкін. Теріс ағымының арбауына көбіне жастар түсіп қалады. Кейін олар достарына, туыстарына тіпті мемлекетке де қарсы шығуы мүмкін. Мұның соңы жақсылыққа әкелмейді, керісінше қайғылы аяқталуы мүмкін»,- дейді лектор.

Тәуелсіз Қазақстанның қысқа ғана тарихында еліміздің дін саласы көптеген өзгерістерге ұшырады. Діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді.

«Сол себепті адамдарды тура жолдан тайдыратын топтар мен ағымдарды деструктивті (бұл сөз латын тілінен аударғанда «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді) яки теріс пиғылды деп атаймыз. Алайда бұл ағымдағылар өздерін шынайы діндар және ақиқат жолындағылар ретінде санайтындықтан, олардың қатары әлі де болса көбею үстінде. Халқымыз «іштен шыққан жау жаман» демекші, мұндай көзқарасты ұстанушылар Исламның атын жамылатындықтан, тек қана атын жамылу емес, тіпті діни мәтіндерден (Құран және хадис) өздерінің істеріне дәлел келтіретіндіктен, олармен күрес басқа жат діни ағымдармен күресуден қарағанда өте қиын. Қазір еліміздің дін саласында елеулі өзгерістер орын алып, діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтіп, діни ағымдар мен бірлестіктер санында біршама азаюы байқалды»,- деп қосты Еркін Тастанқұлов.

Жоғары медициналық колледж студенттері дәріс барысында діни экстремизм мен терроризм, деструктивті культ туралы көптеген мағлұмат алды.

«Бізге бүгінгі дәріс ұнады. Біз ойымызды ашық айттық. Ағай бізге бәрін жақсылап түсіндіріп берді. Мұндай жолға жастардың түсіп кететіні өкінішті. Алайда осы сала мамандары жастарға түсіндіру жұмыстарын мысал келтіріп, үғынықты тілмен жеткізсе оның алдын алуға болады деп ойлаймын»,- дейді дәріске қатысқан студент.

Еске сала кетейік, ақпараттық түсіндіру жұмыстары мен мамандардың ЖОО мен колледж студентеріне дәріс оқуы Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Жоғары медициналық колледждегі дәріске 300-ге жуық студент қатысты.

Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Алматы, Дін,
Жоғары қарай