Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Тоқаев елорданың барлық ауданында инженерлік-коммуникациялық  инфрақұрылымды дамытуды тапсырды

2019 жылдың 8 қазан 2019 15:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан төрт құбыласы сай қала қағидаты бойынша дамуы тиіс. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорда өмір сүруге барынша қолайлы қала болуы керек. Нұр-Сұлтан төрт құбыласы сай қала қағидаты бойынша дамуы тиіс. Қала ұлғайған сайын тұрғындардың тұрмыс сапасындағы алшақтық та артады. Тіпті, жолы және коммуникациясы жоқ, абаттандырылмаған жер телімдері орталық көшелерге іргелес орналасқан. Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар тұрғын алаптарында сумен қамтамасыз ету, кәріз желілері әлі күнге дейін орталық жүйеге қосылмаған. Бұған жергілікті тұрғындар наразылық білдіруде», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, қала шетіндегі жолдардың 36 пайызы нашар, асфальт төселмеген. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Көшелердің 20 пайыздан астамында жарық жоқ. Мұндай келеңсіздік қылмыстың артуына әкеледі.

«Үкімет пен әкімдікке қаланың барлық аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Қ.Тоқаев.

Жоғары қарай