Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

Тоқаев Еркін экономикалық аймақтар жайында: Нашар басқарылады

2020 жылдың 24 қаңтар 2020 14:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бюджеттен 13 еркін экономикалық аймақтың инфрақұрылымына қосымша 340 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, микро және шағын бизнестің дамуына серпін беру үшін оларды салық төлеуден босаттық. Бұл, әлеуметтік, тіпті саяси көзқарас тұрғысынан алып қарағанда да өзін-өзі ақтады. Бірақ, салықтан жаппай босата беру күрделі теріс салдарға алып келуі мүмкін. 2019 жылдың өзінде ғана 4,5 трлн теңгеге жеңілдік берілген. Бюджеттің шоғырландырылған кірісі 2005 жылғы ЖІӨ-нің 32 пайызынан 2019 жылы 18 пайызға дейін қысқарды», - деді Президент.

Мемлекет басшысының дерегінше, еркін экономикалық аймақтар аясындағы шартты түрдегі шығын көлемінің өзі 2 трлн теңгеден асып жығылады.

«Бюджеттен 13 еркін экономикалық аймақтың инфрақұрылымына қосымша 340 млрд теңге жұмсалған. Ал осы уақытта еркін экономикалық аймақтардан тек 170 млрд теңге ғана салық алынған. Небәрі 18 мың ғана жұмыс орны құрылған. Іс жүзінде барлық еркін экономикалық аймақты сапалы толықтыруда проблемасы бар. Яғни, нашар басқарылады. Басқа сөзбен айтар болсақ, еркін экономикалық аймақтардың қызметінен өткен 10-15 жылдың ішінде айтарлықтай нәтиже байқалмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Дубайдағы «Джебель Али» еркін экономикалық аймағы елдің ЖІӨ-сінің 25 пайызын, қала экспортының 50 пайызын және Біріккен Араб Әмірліктерге келетін тікелей шетел инвестициясының 20 пайызын қамтамасыз ететіндігін мысалға келтірді. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке ұсынылатын барлық салықтық преференциялардың тиімділігіне және мақсаттылығына тексеру жүргізуді тапсырды.

«Әрине, барлық еркін экономикалық аймақтарды жауып тастауға болмайды. Бұл проблеманы ақылға салып қастыру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жоғары қарай