Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Төлеби ауданында ірі қараны бордақылап, саудалайтын шаруалар көбейді

2019 жылдың 17 қыркүйек 2019 15:58

ТӨЛЕБИ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков Қоғалы ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті.

Ауылдық округтердің жағдайын саралап шығу үшін құрылған топтың кезекті отырысына қатысып, жұртты мазалаған мәселелермен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында аудан әкімі ауыл тұрғындарының қатысуымен өзінің орынбасарлары мен бөлім басшыларын тыңдады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қоғалы ауылдық округінің 50,73 гектар жері мақсатына сай пайдаланылмай жатыр. 20 жер учаскесі тұрғын үй мақсатында берілгенімен бос қалған. Ауылдық округтің тұтыну балансы бойынша өнімнің 4 түрі сыртқа сатылады, 17 түрі сырттан әкелінетіндігі анықталған.

Яғни, елді мекендердегі 433 үй үйіргелік жерлерін тиімді пайдаланып көкөністерді, басқа да дақылдарды ексе, 187 отбасы тек жеміс-жидек ағаштары мен жоңышқа дақылдарын егіп пайдалануда. Әлеуметтік сала бойынша округте Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында келелі жұмыстар жасалған. Атап өтер болсақ, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 9 адам, жастар практикасына 7 адам, қоғамдық жұмысқа 16 адам, бос жұмыс орындарына 47 адам, жаңа жұмыс орындарына 4 адам жолданған. Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысуға 2019 жылы 7 азамат «Бастау Бизнес» сертификатын алып несиеге өтініш білдірген.

Нәтижесінде несие алуға 7 адамға жолдама беріліп, 3 адам несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетуде. Ауылға келген жұмысшы топ атаулы әлеуметтік көмектің, шартты ақшалай жәрдемақыны алған отбасылардың мекенжайларын аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізген.

Бауыржан Омарбеков айтылған талдаулардан соң округ тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қойылған сұрақтарға тиісті жауаптарын беріп, үй іргелік жерлерді тиімді пайдалану, қасбеттерді реттеу, округтегі арықтардың, каналдардың тазалық жұмыстары сынды бірлесіп атқаруға болатын істерге бір кісідей атсалысуға шақырды.

Жоғары қарай