Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Төлебиде гобеленші Құрасбек Тыныбековке ескерткіш-бюст қойылды

2019 жылдың 12 қараша 2019 12:53

ТӨЛЕБИ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Төлеби ауданында қазақ гобелен өнерінің негізін қалаушы Құрасбек Тыныбековке ескерткіш-бюст қойылды. Тас мүсін өнер иесінің есімін иеленген Аққұм ауылдық округінде орналасқан жалпы орта мектепте орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескерткіш-бюсттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев талантты қылқалам шеберін өзінің мазмұнды шығармашыл өмірін ұлттық өнерге қызмет етуге және оны дамытуға арнағанын атап өтті. Жас ұрпаққа мәңгілік өнеге болардай тың дүниелер қалдырып кеткенін жеткізді.




«Небәрі 33 жыл өмір сүрсе де, шығармашылық жұмысымен қатар өз елінің дамуы үшін қоғамдық өмірге де белсене атсалысқан. Сәндік өнер саласында да көп еңбек сіңіріп, бірнеше мәрте жоғары марапатқа ие болды. Оңтүстіктің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналды. Оның гобелен жанрында ойлап тапқан жаңа техникасын әлемнің көптеген елдерінде шеберлер өз шығармашылығында қолданады»,- деді аудан әкімінің орынбасары.







Айта кетейік, Құрасбек Тыныбеков сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір ауданы Амангелді атындағы ұжымшарда дүниеге келген. 1971 жылы Украинаның Львов қаласындағы мемлекеттік сән және қолөнер институтын бітіріп келген соң «Казгипроместпром» институтында, «Түскиіз» фабрикасында бас суретші болып істеген. Осы кезеңде Алматы көркемсурет училищесінде педагогтық қызметпен де айналысқан. Қазақстан суретшілер одағы жанындағы қолданбалы өнер секциясы төрағасының орынбасары болып біраз жыл жемісті қызмет атқарған.

Ал, 1991 жылдан бері Төлеби ауданы Аққұм елді мекеніндегі Қызыл әскер мектебі Құрасбек Тыныбековтің атымен аталады.










Жоғары қарай