Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Тұрғын үй лифтін ауыстыру жергілікті әкімдер құзырына беріледі

2019 жылдың 7 қазан 2019 18:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда тұрғын үйлерді және лифтілерді жөндеу және ауыстыру жұмыстары бюджет есебінен қаржыландырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

«Пәтер иелері кооперативіне, лифт жұмысына көп тұрғындардың көңілі толмайды. Сондықтан салынып жатқан үйлер ерте тозбас үшін жаңа заң жобасында көптеген ұсыныстар енгізілді және әкімдіктерге көбірек құқық беріп отырмыз. Қазір әр үй жекеменшік және оны ретке келтіруге әкімдіктер жергілікті қаржыны жұмсай алмайды. Лифтіге байланысты елімізде түрлі қайғылы оқиғалар болды. Сол мәселені шешу үшін нормативтерге өзгеріс енгіздік, Қазақстанға қандай лифтілер әкелінеді, оның жөндеу жұмыстары қалай жүргізіледі деген сұрақтар нақтыланды. Лифтіні ауыстыру немесе жөндеу өте қымбатқа шығады, ол үшін ПИК әр тұрғыннан 100-500 мың теңгеден жинай алмайды. Сондықтан әкімдіктер тұрғындармен келісімшарт бекітіп, жергілікті бюджеттен лифт ауыстырып, ақысын 15-20 жылға бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Яғни, тұрғындарға ауыр жүк түспейді және ең бастысы қауіпсіздікпен қамтамасыз етеді», - деді Қайырбек Өскенбаев ҚР Парламенті Сенатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы заң жобасын таныстыру кезінде.

Оның айтуынша, кондоминиум нысанындағы ортақ мүлікке күрделі жөндеуді қаржыландыру механизмі енгізіледі. Бұл механизм тұрғын үй және өзге де үй-жай иелерінің қор жинау және екінші деңгейлі банктен қарыз алуына негізделген. Бұл ретте қарыз алушының орындамаған міндеттемелері бойынша екінші деңгейлі банктерге кондоминиум нысанын күрделі жөндеу үшін алған тұрғын үй қарызын арнайы күрделі жөндеуге кепілдік беру қоры төлейді.

Заң жобасында басқару органдарының ашықтығын арттыруға және үй-жай иелерінің кондоминиум объектісін басқару органы тарапынан бақылауды қамтамасыз етуге, тұрғын үй қатынастары субъектілерінің өзара іс-қимылын жақсартуға бағытталған стандарттар ұсынылған. Сонымен бірге, заң жобасында тұрғын үй-құрылыс кооперативін құру, жүзеге асыру және қызметін тоқтату тәртібі, мүшелік шарттары және жарғы мазмұны белгіленген.

Жоғары қарай