Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Түркі академиясы Әзербайжанда үш жылға жоспарланған кешенді зерттеу жұмысын бастайды

2019 жылдың 3 қыркүйек 2019 18:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - TWESCO президенті Дархан Қыдырәлі Әзербайжан жазушылар одағының төрағасы Анар Рзаевпен кездесті, деп хабарлайды Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі.




Дархан Қыдырәлі кездесу барысында 2020 жылы Түркі Академиясының Әзербайжан жерінде үш жылға жоспарланған кешенді зерттеу жұмысын бастайтынын жеткізді. Халықаралық жоба археология, топонимика және этнография сияқты салаларды қамтымақ. Сондай-ақ, Академия жетекшісі Әзербайжан мен Кавказ өңіріндегі түркілік мәдениет пен өркениетті зерттеу ісіне ерекше ден қою керектігін айта келе, Академия дайындаған «Ортақ Түркі тарихы» оқулығының туыс елдерде орта мектеп оқу бағдарламаларына еніп, соның негізінде балаларға дәріс беріле бастағанын жеткізіп, ортақ әдебиет пен география пәндері бойынша да жұмыстардың жалғасып жатқанына тоқталды.




Өз кезегінде Әзербайжан жазушылар одағының төрағасы Түркі академиясымен әріптестікке ерекше мән беретінін атап өтіп, халықаралық ұйымның жұмысын жоғары бағалайтынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ туыс халықтардың бірлігі жолында әдеби байланыстарды нығайту, ақын-жазушылардың әріптестігі мен қарым-қатынастарын күшейте түсу қажеттігін айтты. Мәртебелі мейман бауырлас елдердің өмірінде зиялы қауымның аса жауапты міндет атқаратынына да тоқталды. Анар Рзаев Қазақстанның латын әліпбиіне өту ісінен үлкен үміт күтетінін жеткізіп, бұл бастаманың туыс халықтардың жақындаса түсуге ықпал етеріне сенім білдірді.







Кездесу қорытындысы бойынша Түркі Академиясы мен Әзербайжан жазушылар одағы арасындағы әріптестікті нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ Академия президенті Дархан Қыдырәлі Анар Рзаевқа академия шығарған кітаптарды сыйға тартты.


Жоғары қарай